Қазалыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті

166

Ai-news.kz. «Таза Қазақстан» акциясы аясында кезекті сенбілік өтті

Қазалы ауданында еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда. Бұл жолы аудан орталығында және ауылдық елді мекендерде кезекті сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық орындардың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру.

Сенбілік барысында Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, Қ.Пірімов және Қ.Ерімбет атындағы орталық көшелердің бойы тазаланды. Аяқ су арықтарындағы шөгінділер мен қоқыстар шығарылып, су айналымының еркін жүруіне жағдай жасалды. Сонымен қатар мекемелер мен кәсіпорындардың қоршаулары сырланып, көше бойындағы арам шөптер оталды. Жиналған қоқыс қалдықтары арнайы полигондарға жеткізілді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сенбілік жұмыстарының барысын аралап көріп, тазалыққа жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол қоғамдық орындардың тек сенбілік күндері ғана емес, күнделікті таза әрі ұқыпты болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Экологиялық акция тек аудан орталығымен шектелмей, барлық ауылдық округтерде де өтті. Жергілікті тұрғындар, жастар ұйымдары, мекеме қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысып, өз үлестерін қосты. Мұндай іс-шаралар ауданның көркін ашып қана қоймай, қоғамда қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.