Жалағаш кентінде аудан әкімінің есепті кездесуі өтті
Ai-news.kz. Жалағаш кентінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов ІІ жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде халық алдында есеп берді. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ кент тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан негізгі жұмыстарға кеңінен тоқталып, Жалағаш кентіндегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысын баяндады. Сонымен бірге 2026 жылға жоспарланған жаңа жобалар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Қазіргі таңда Жалағаш кентінде 45 көшеде жарықтандыру жүйесі бар. Биыл М.Шаменов, І.Қабылов, С.Қалыбаев көшелеріне демеушілердің қолдауымен түнгі жарық шамдары орнатылды. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы, Н.Мырзалиев, Н.Әлмағанбетов және А.Иманов көшелеріндегі жарық шамдары жаңартылып, энергия үнемдейтін LED шамдарға ауыстырылды. Бұл шара тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, электр
энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Дәуімбай елді мекеніндегі Ұлы Жеңістің 50 жылдығы көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға 66 млн теңгелік жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Сонымен қатар, 12 көшені жарықтандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаржы бөлу кезеңі күтілуде.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кентте 4700 көшет отырғызылып, 2090 метр арық қазылып, 53 шақырым аумақ тазартылды. Бұл жұмыстар кенттің көркін арттыруға, экологиялық ахуалды жақсартуға және тұрғындардың демалыс орындарын кеңейтуге бағытталған.
Кенттің орталық алаңын реконструкциялау мақсатында 315,2 млн теңгелік жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Биыл 11 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге 678,7 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық атқарылды. Оның ішінде 5 көше кенттің орталық бөлігінде, 6 көше Дәуімбайда орналасқан. Сонымен қатар, демеушілік есебінен тағы бірнеше көшеге асфальт төселіп, жолдардың сапасы мен тұрғындардың жайлылығы артты.
Аудандық аурухана мен емхана үшін орталықтандырылған кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары
дайындалып, қаржыландыруға жолданды. «Ақтерек» учаскесіндегі 170 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға арналған құны 1 млрд 65,5 млн теңгелік жоба әзірленіп, алдағы уақытта іске асырылатын болады.
Кездесу барысында кент тұрғындары аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Аудан әкімі тұрғындардың барлық ұсыныс-пікірлерін назарға алып, оларды кезең-кезеңімен іске асыруға бағытталған жұмыстардың толық жоспары дайын екенін айтты.
Жалағаш кентінде жүргізіліп жатқан бұл ауқымды инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экологиялық жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қаланың келбетін жаңартуға бағытталған маңызды қадамдар болып отыр.





