Қызылорда мұғалімдері есірткіге қарсы үздік жобаларын ұсынды
Ai-news.kz. Қызылорда облысында мұғалімдер арасында «Мен есірткісіз өмірді насихаттаймын!» ұранымен өткен байқау өз мәресіне жетті. Іс-шараны Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және педагогтердің шығармашылық әлеуетін қолдау.
Қатысушылар қоғам мен жастарға арналған үндеулерін, антинаркотикалық акцияларын және жасанды интеллект элементтері қолданылған әлеуметтік бейнероликтерін ұсынды. Байқау барысында мұғалімдер жоғары кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденістерін көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Осындай бастамалар білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығын нығайтып, жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуге және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді.





