Сөзсіз қарсылық: Қызылордада жастар есірткіге қарсы пантомима челленджіне қатысты

177

Ai-news.kz. Қызылорда облысының оқу орындары арасында есірткіге қарсы пантомима челлендж-байқауы өтті. Іс-шараны Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.

 

Байқаудың негізгі мақсаты – жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту.

 

Сайысқа облыстың қала және аудан мектептері мен колледждерінің оқушылары қатысты. Қатысушылар қысқа видеороликтер түсіріп, пантомима мен қол қимылдары арқылы есірткіге қарсы ұрандар мен маңызды ойларды жеткізді. Ерекше формат бойынша фондағы қатысушылар қара киім киіп, ақ қолғаптағы қолдар арқылы үш негізгі антинаркотикалық сөзді бейнеледі. Бұл тәсіл көрерменге идеяны «сөзсіз» жеткізіп, әр жұмыстың мазмұнын айқын әрі әсерлі көрсетті.

 

Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау барысында олардың бірегейлігіне, нақтылығына және визуалды әсерлілігіне баса назар аударды.

 

Байқау қорытындысы бойынша:

 

І орын — №113 орта мектеп (Қармақшы ауданы), №40 және №41 орта мектептер (Шиелі ауданы), №125 орта мектеп (Жаңақорған ауданы), №10 мектеп-лицей (Қызылорда қаласы);

ІІ орын — №34 орта мектеп (Жалағаш ауданы), №147 орта мектеп (Сырдария ауданы), №48 мектеп-лицей (Шиелі ауданы), №175 орта мектеп (Қызылорда қаласы);

ІІІ орын — №156 және №50 орта мектептер, сондай-ақ Оқушылар үйі (Шиелі ауданы).

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шығармашылық форматтағы шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын саналы түрде таңдауға және есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысуына ықпал етеді.

 

Сондай-ақ барлық қатысушылар мен педагогтарға белсенділігі, креативтілігі және салауатты, қауіпсіз болашақ идеяларын насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді.