Макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуына аудандық бақылау күшейтілді

323

Ai-news.kz. Бүгін Сырдария ауданында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде 2025 жылдың қаңтар–қараша айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының жағдайы, инвестициялар тарту және құрылыс жұмыстарының барысы жан-жақты қаралды. Мәжіліске сала басшылары, аудандық құрылымдық бөлімдер жетекшілері және кәсіпкерлер қатысты.

Аудан басшысы 11 айдың қорытындысын қорытындылай отырып, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалғанын атап өтті. Ол 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында ауданның өнеркәсіп орындары 93,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,6 пайызға өскенін мәлімдеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 13,1 млрд теңгені құрап, өндірістік жоспардың 100 пайыздан астам орындалғанын көрсетті. Бұл көрсеткіш өңірдегі өндірістік әлеуеттің артқанын және кәсіпорындардың инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруда екенін айқын көрсетеді.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 25,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар 101,2 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығында өнімділіктің өсуі заманауи технологияларды енгізу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және шаруашылықтардың өнім сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралармен тікелей байланысты. Сонымен қатар, аудан бойынша 11 айда 25,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй құрылысы жоспары 101,2 пайызға орындалғаны атап өтілді. Бұл көрсеткіш тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс жүргізіліп отырғанын дәлелдейді.

Мәжілісте құрылыс жұмыстарының көлемі 22,8 млрд теңгеге жетіп, жоспар 117,9 пайызға орындалғаны да хабарланды. Бұл нәтижелер жаңа әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталып жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, жолдар мен көшелерді жөндеу, мектептер мен медициналық мекемелерді жаңғырту, су және электр желілерін жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Сонымен қатар, бөлшек сауда көлемі қараша айында 2,9 млрд теңгені құрап, 100,1 пайызға жеткені хабарланды. Бұл ауыл мен қала тұрғындарының күнделікті тұтыну тауарларына қолжетімділігін сақтауға бағытталған шаралардың нәтижесі болып отыр. Аудан әкімі бөлшек сауда мен азық-түлік бағаларының тұрақтылығын бақылаудың маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлер мен жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар жүктеді.

Берік Әбдіғаппарұлы мәжілісте барлық саланың даму көрсеткіштерін нақты бақылауда ұстау, жоспарларды уақытылы орындау және экономикалық көрсеткіштерді арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Ол әрбір бөлім мен кәсіпорынға өндіріс тиімділігін арттыру, шығындарды оңтайландыру және инвестицияларды тиімді игеру бойынша нақты міндеттер қойды.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жыл соңына дейін межеленген жоспарлардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ, алдағы кезеңде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін одан әрі арттыру үшін аудан басшылығы, сала мамандары мен кәсіпкерлер бірлесіп, үйлесімді жұмыс жүргізуге тиіс екені атап өтілді. Бұл бағыттағы жүйелі бақылау ауданның тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.