Егін және мал шаруашылығын дамытуға 3,5 млрд теңге несие берілді

458

Ai-news.kz. Сырдария ауданында мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып, жыл сайынғы көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалуда. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне аудан бойынша 42 210 бас мүйізді ірі қара, 27 102 бас уақ мал, 26 151 бас жылқы және 1 611 бас түйе малы күтіп-бағылуда. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар екенін дәлелдейді.

Аудан диқандары мен малшылардың еңбегінің нәтижесінде ет өндірісі 1,5 пайызға артып, 2 636,5 тоннаға жетті. Сондай-ақ, сүт өндірісі 6,3 пайызға өсіп, 2 333,1 тонна өнім алынған. Ал жұмыртқа өндірісі 99,2 пайызға орындалып, жалпы 108,2 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігінің арта түскенін көрсетеді.

Бүгінгі таңда Сырдария ауданында 128 шаруашылық құрылымы мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның ішінде 11 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен шұғылдануда. Қазіргі уақытта ауданда 923 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара және 4 749 бас асыл тұқымды қой бар. Мұндай көрсеткіштер ауданның мал шаруашылығы бағытындағы сапалық даму әлеуетін айқын көрсетеді.

2025 жылы «Кеңдала» және «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында аудан шаруашылықтары қаржылық қолдауға ие болды. Атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Сырдария-1» кредиттік серіктестігі арқылы 15 шаруашылық құрылымы егін және мал шаруашылығын дамытуға 3,5 миллиард теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражат жаңа технологияларды енгізу, мал азығын дайындау және бордақылау алаңдарын жаңғыртуға бағытталмақ.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі табысты тәжірибені енгізу мақсатында ауданда қуаттылығы 400 басқа арналған жаңа тауарлы сүт фермасын ашу жобасы қолға алынды. Жобаның жалпы құны шамамен 3,7 миллиард теңгені құрайды. Қағидаларға сәйкес, жобаның 15 пайызын кәсіпкер өз қаражаты есебінен қаржыландыруға дайын. Бұл инвестициялық бастама өңірдегі сүт өндірісін жаңа деңгейге шығарып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін Шаған ауылындағы бұрын бос тұрған, 3 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Бұл нысанды «Раманов» шаруа қожалығы сатып алып, қайта жаңғырту жұмыстарын бастады. Жобаның жетекшісі – «Ажар Сити» кәсіпкерлік нысанының басшысы және «Раманов» шаруа қожалығының төрағасы Сейтқасым Раманов.

Қазіргі таңда кәсіпкер жобаны жүзеге асыру мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 3,5 миллиард теңге несие алу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатыр.

Бұл бастама ауданның мал шаруашылығы инфрақұрылымын нығайтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ жергілікті өнімдердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мал шаруашылығын жаңғырту және асыл тұқымды мал басын көбейту — аудан экономикасын әртараптандырудың және ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартудың маңызды құралы болып отыр.