Қала әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Ai-news.kz. Қала әкімдігі кадрлық құрамды жаңартып, басқару жүйесін одан әрі тиімді ету бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Осыған сәйкес, Қала әкімі Нұржан Ахатовтың өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Ділмұхамед Мнуарбекұлы Абизов тағайындалды. Шаһар басшысы жаңа орынбасарын кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив отырысында таныстырып, оның еңбек жолына және кәсіби тәжірибесіне тоқталып өтті.
Ділмұхамед Мнуарбекұлы 1978 жылы дүниеге келген. Ол — бірнеше жоғары білім иесі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша, ал Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр саладағы жинақтаған тәжірибесі мен жан-жақты білімі оның басқарушылық қабілетін арттыра түсті.
Еңбек жолын 1997 жылы «Сырдария Мұнай» акционерлік қоғамында бұрғылаушы болып бастаған. Кейін 2001-2016 жылдары аралығында мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорын – «Харрикейн Құмкөл Мұнай» акционерлік қоғамында оператор қызметін атқарып, өндірістік процестерді ұйымдастыру мен тиімділікті арттыру бағытында елеулі еңбек сіңірді. Осы жылдары жеке секторда да белсенді жұмыс істеп, түрлі кәсіпкерлік бағыттарын дамытты.
2016 жылдан бастап «Далатекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласының өркендеуіне өз үлесін қосты. Оның жетекшілігімен кәсіпорын заманауи өндіріс технологияларын енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлік экономиканың дамуына серпін берді. Сонымен қатар, ол қалалық мәслихаттың 7 және 8-ші шақырылымының депутаты болып сайланып, жергілікті басқару және қоғам өміріне белсене атсалысты.
Ділмұхамед Мнуарбекұлы қоғамдық қызметте де белсенділігімен ерекшеленеді. Ол «Байқоңыр» әлеуметтік-экономикалық аймақтық компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы, «Qaz Textile Industry» өзін-өзі басқару ұйымының директорлар кеңесінің төрағасы және Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығының бақылау кеңесі төрағасы қызметтерін атқарған. Бұл міндеттер оның аймақтық кәсіпкерлікті қолдауға және экономикалық саясатты дамытуға қосқан үлесін айқын көрсетеді.
Қоғамдық еңбегі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін 2021 жылы ол «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған. Бұл марапат оның аймақ дамуына қосқан зор еңбегінің мемлекет тарапынан мойындалғанының дәлелі.
Жаңа лауазымында Ділмұхамед Мнуарбекұлы кәсіпкерлік пен өнеркәсіп, қоғамдық даму, мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі, спорт және туризм салаларына жетекшілік ететін болады. Қала басшылығы жаңа орынбасардың тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті бұл салалардың дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді деп сенім білдірді.





