Үкіметтен кеншілердің зейнет жасын 50-ге дейін төмендету мәселесін қарастыруды сұрайды.
Ai-news.kz/ «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры«Казуглепроф» көміршілер кәсіподағының кеншілердің зейнет жасын төмендету туралы бастамасына қолдау білдірді.
Петицияны қолдайтындар Үкіметтен кеншілердің зейнет жасын 50-ге дейін төмендету мәселесін қарастыруды сұрайды. Құжатта «көмір кенішіндегі зиянды өндірістік факторлардың жұмысшылардың денсаулығына тигізетін кері әсері жазылған. Ұзақ уақыт бойы мұндай жағдайда еңбек ету жұмысшыларда ауыр дерттің пайда болуына әкеп соғатыны ерекше атап өтіледі. Жасы елуден асқан кеншілердің басым бөлігі ауруға шалдыққан. Қазба жасалатын кенжар мен кен орнындағы еңбек жағдайын білетіндер қатты шаң, газбен ластанған, қолайсыз температура мен басқа да экстремалды фактор бар жерде алпыс жастағы адамның ауыр жұмысты атқаруы қиын екенін түсінеді.
Елде тіркелген кәсіптік аурулардың негізгі үлесі – көмір өнеркәсібі қызметкерлері шалдыққан дерттер. 1998 жылы жеңілдетілген зейнетақы жүйесі тоқтатылды. Содан бері 2-3 онжылдықта жер астында жұмыс істейтін кеншілер денсаулығына зиян болса да, жұмысын жалғастыруға мәжбүр. Дәл сол себепті кенші мамандығының беделі де жойылып кетсе керек. Еске салсақ, 2006 және 2017 жылдары «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің шахталарында болған еңбек жанжалдары кезінде кеншілер қойған негізгі талаптың бірі – зейнет жасын төмендету болған еді».
Қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке тек 55 жастан бастап қана шығу мүмкіндігі бар екенін еске саламыз.