Қызылордалық оқушылар есірткіге қарсы үздік дизайн жобаларын ұсынды

197

Ai-news.kz. Қызылорда облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткінің зияны туралы қоғамдық сананы қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Есірткіге қарсы үздік төсбелгі» сайысы өз мәресіне жетті. Шығармашыл жастардың басын қосқан байқау жас буынның қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті.

 

Байқау шартына сәйкес қатысушылар есірткіге қарсы мазмұндағы үш түрлі төсбелгі үлгісін әзірлеп, жұмыстарын электронды форматта ұсынды. Әр жоба түрлі-түсті форматта дайындалып, идеяның мазмұндылығы мен көркемдік шешіміне басымдық берілді. Сонымен қатар қатысушылар өз туындыларын Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшаларында жариялап, көпшілік назарына ұсынды.

 

Ұсынылған жұмыстар арнайы бекітілген критерийлер бойынша бағаланды. Қазылар алқасы жобалардың тақырыпқа сәйкестігін, идеяның жаңашылдығын, графикалық ерекшелігін, эстетикалық безендірілуін және қолдануға ыңғайлылығын назарға алды.

 

Нәтижесінде үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.

 

Бірінші орынға Қызылорда қаласындағы "Orda School" мектебінің оқушылары Ұзайыр Диас пен Халилуллаева Фариза, сондай-ақ Сырдария ауданындағы №36 мектеп-лицейдің оқушысы Ерболатқызы Жания ие болды.

 

Екінші орынды Қармақшы ауданындағы №111 орта мектептің оқушысы Келменбетқызы Інжу, Жалағаш ауданындағы №116 орта мектептің оқушысы Таңсықбай Нұртай және Қармақшы ауданындағы №273 орта мектептің оқушысы Кеншилик Арайлым жеңіп алды.

 

Үшінші орын Қазалы ауданындағы №165 орта мектептің оқушысы Жасарал Айлинге, №103 орта мектептің оқушысы Бертағы Рамазанға, №17 орта мектептің оқушысы Нағымет Еркеназға, Қармақшы ауданындағы №99 орта мектеп оқушылары Мырзағали Аруназ бен Рсалиева Жаннурға, сондай-ақ №111 орта мектептің оқушысы Алпысбайұлы Қажымұратқа бұйырды.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.