Құрметті құрылысшылар мен сала ардагерлеріне ризашылық білдірілді
Ai-news.kz. Қазалыда Құрылысшылар күніне орай мерекелік жиын өтті
Тамыз айының әр екінші жексенбісінде елімізде құрылыс саласы мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл күн – елді мекендердің көркеюі мен инфрақұрылымының дамуына үлес қосып жүрген құрылысшыларға құрмет көрсетілетін ерекше сәт. Биыл да дәстүрден жаңылмай, Қазалы ауданында Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылып, мамандығы бойынша талмай еңбек етіп жүрген азаматтарға лайықты құрмет көрсетілді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев салтанатты шараға қатысып, мәртебелі мамандық иелерін құттықтады. Ол құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің арқасында Қазалы өңірінде жаңа ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатқанын атап өтті. Құрыш қолды құрылысшылардың маңдай терімен салынған әрбір нысан – халықтың тұрмысын жақсартуға және ауданның сәулеттік келбетін арттыруға бағытталған маңызды еңбек екендігіне тоқталды.
Жалғас Оңғарұлы өз сөзінде кәсібін абыроймен атқарып жүрген бір топ құрылысшыларға аудан әкімінің міндетін атқарушының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, сала ардагерлерінің еңбегі де елеусіз қалмай, құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Елубай Аңсатбаев Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті құрылысшы Оразғали Бекпанов пен сала ардагерлері сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Олар бүгінгі жас мамандарға ақ батасын беріп, құрылыс саласының ел дамуы үшін әрқашан маңызды екенін атап өтті.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.





