«Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру және экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстары талқыланды

684

Ai-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының орындалуы, сондай-ақ Мемлекет басшысының ел аумағына 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері жан-жақты қаралды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов селекторлық режим арқылы қатысты. Мәжіліс барысында өңірлерде экологиялық мәдениетті дамыту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірнеше бағыттағы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Біріншіден, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердегі көшелер, алаңдар, саябақтар, ойын және спорт аймақтары жөнделіп, жаңартылып жатыр. Бюджет қаражаты мен кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен орталық алаңдар, тұрғын үйлердің қасбеті мен әлеуметтік нысандар жаңғыртылуда.

Қала аумағында жүзеге асырылған жобаларға ерекше назар аударылды. Мәселен, Қызылорда қаласының орталық алаңы толықтай жаңартылып, пайдалануға берілді. Қалалық мәдени-демалыс паркі мен Қорқыт ата мемориалды аллеясы қайта жаңғыртылды. Президент саябағы жөндеуден өтіп, оның аумағында спорт және ойын алаңдары, санитарлық модульдер, экобокстар мен фандоматтар орнатылуда. Сонымен қатар саябақта жылдың барлық мезгілінде жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалардынығу лагері мен ботаникалық білім беру орталығы бой көтеруде. Құны 9 млрд теңге болатын Сырдария өзені үстінен Президент саябағын қаламен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі құрылыс жұмыстары да жүргізілуде.

Облыс аумағында экологиялық жағдайды жақсарту мен тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастыру үшін барлық аудандарда жаңа демалыс орындары мен аллеялар салынып, көшелер абаттандырылуда және жарықтандырылуда. Сондай-ақ өңірде бірыңғай дизайн-код енгізіліп, ғимараттар мен қоғамдық кеңістіктер архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді. Мәселен, Қызылорда қаласында 60 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, 20 үйдің ауласы абаттандырылды. Биыл тағы 20 үйді жаңарту үшін 1 млрд теңге қаражат бөлінді.

Ауылдық аймақтарда экологиялық мәдениетті насихаттау және тұрғындарды тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елдімекен» конкурсы ұйымдастырылуда. Соңғы екі жылда бұл жобаға 1 млрд 500 млн теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Биыл 564 млн теңгеге 19 техника беріліп, ауыл тұрғындарына экологиялық мәдениетті қалыптастыруда практикалық қолдау көрсетілді.

Мәжіліс қорытындысында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен келесі кезеңге арналған жоспарлар талқыланды. Аудан әкімдері мен жауапты органдарға экологиялық бағдарламаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, тұрғындар арасында табиғатты аялауға бағытталған мәдениетті қалыптастыру, санитарлық тазалық пен абаттандыруды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Бұл іс-шаралар облыстың экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл желек қорын көбейтуге, сонымен бірге тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді бастама болып табылады.