«Арай» су алу құрылымындағы су сапасы талапқа сай

691

Ai-news.kz.  Су сапасы мен қысымы талапқа сай

Қызылорда қаласының «Арай», «Арай-2», «Арай-3» шағын аудандары мен сол жағалаудағы тұтынушылар ауыз сумен «Арай» су алу құрылымы арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл нысан 2013 жылы қызылжарма жерасты кен орнынан бұрғыланған 13 ауыз су ұңғымасының есебінен пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда тереңдігі 470-482 метр аралығынан алынған суды жинақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 1 000 текше метрлік төрт таза су резервуары тұрақты жұмыс істеп тұр.

Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес су жинау резервуарлары екі жылда бір рет тазалануы тиіс. Ал «Арай» су алу құрылымында бұл жұмыстар жиі жүргізіліп, таза су резервуарлары мен кварталаралық ауыз су жүйелері жылына екі рет тазартылып келеді. Бұл талаптарға сай санитарлық тазалықтың жоғары деңгейде сақталғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, аталған тұрғын үй аудандарында насос станциясы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, қысым тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Осылайша, су жеткізу мәселесі толық шешімін тапты деуге болады.

Биылғы жылы «Арай» су алу құрылымында қосымша қуат көздерін арттыру мақсатында жаңа бес ұңғыма бұрғылау жұмыстарына конкурс жарияланды. Нәтижесінде «story global 2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, бүгінде төрт ұңғыма бұрғыланып үлгерді. Өндірілген ауыз судың сапасы толықтай тексеріліп, белгіленген талаптарға сәйкес екені анықталды.

Айта кетерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындар тарапынан оң бағасын алып отыр. Ауыз су сапасына қатысты шағымдардың түспеуі атқарылған шаралардың тиімділігін көрсетеді.