Өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды
Ai-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда өңдеу өнеркәсібін дамыту мен цифрландыру бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Үкімет қаулыларының жобалары қаралып, саланы одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Аталған Үкімет отырысына Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен өткен жиында көтерілген мәселелер өңірлік деңгейде егжей-тегжейлі талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Мәжіліс барысында өңдеу өнеркәсібінің көлемін арттыру, өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану және цифрландыру үдерістерін жеделдету қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Данияр Еренғалиұлы өңдеу өнеркәсібінің жыл қорытындысымен оң динамика көрсетуі үшін нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік жоспарларын қайта қарап, туындап отырған мәселелерді жедел шешу арқылы қосымша өсім көздерін анықтау маңызды. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының тұрақты дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мәжілісте көлік инфрақұрылымына да баса назар аударылды. Теміржол вокзалдарының сыртқы келбетімен қатар, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттігі айтылды. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының облыстық филиалына вокзалдар аумағының абаттандырылуы, көгалдандырылуы мен санитарлық тазалығын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне тек теміржол вокзалдары ғана емес, автовокзалдар, жолдар мен көпірлер, жол бойындағы жанар-жағармай құю бекеттері мен сервистік кешендердің де күтіп ұсталуы қатаң бақылауда болуы тиіс екені ескертілді.
Жиын барысында өңірдің өнеркәсіптік көрсеткіштері де айтылды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша аймақта 328 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде 10,7 пайыздық өсім тіркелген. Экономиканы әртараптандыру аясында жоспарланған 20 жобаның 13-і іске қосылып, қалған 7 жоба жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 12,9 пайызға өсіп, өнім көлемі 2,6 есеге артқаны атап өтілді.
Бүгінде өңір кәсіпорындары цифрлық және автоматтандырылған технологияларды кеңінен енгізіп келеді. Мәселен, шыны зауытында өнімді жинау мен тасымалдау барысында жапон роботтары қолданылса, шыны кесу үдерісінде италиялық автоматтандырылған жүйе пайдаланылуда. Сонымен қатар тампонажды цемент зауытында Siemens басқару жүйесі мен интеллектуалды логистика енгізілген. Ал «Мағжан и К» күріш зауыты кореялық толық автоматтандырылған технология негізінде жұмыс істеп отыр.
Жиын қорытындысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мен цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, өндірістің тиімділігін арттыру және инфрақұрылым сапасын жақсарту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі екені атап өтілді.





