Есепті кездесулер ауылдық округтерінде жалғасуда

218

Ai-news.kz. Бүгін Сырдария аудан әкімі Берік Сәрменбаев Асқар Тоқмағамбетов және Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесулер өткізді. Кездесулерде аудан басшысы аймақ бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарлар туралы баяндады.


"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бүгінгі таңда өңірімізде 43 миллиард 300 миллион теңгеге ұзындығы 300 шақырымнан аса автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Осылайша, облыс аумағындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 92 пайыздан асады. Құны 30 миллиард 500 миллион теңгеге елді мекендерді газдандыру бойынша 20 жоба іске асуда. Жыл соңына дейін өңірдің газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жетеді. Облыста құны 123 миллиард 400 миллион теңгеге 81 әлеуметтік нысан салынуда. Құны 58 миллиард 900 миллион теңгеге 332 мың шаршы метрді құрайтын жаңа 452 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді. Ауданда да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Қоғалыкөл, Бесарық елді мекендерінде барлығы 20 шақырым жол жөнделді. С.Сейфуллин және Іңкәрдария ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасын орнатуға аудандық бюджеттен 118 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауданда газдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жақын арада Сәкен Сейфуллин мен А.Тоқмағамбетов ауылдары табиғи газға қосылатын болады", – деді Берік Әбдіғаппарұлы. 


Ауыл тұрғындары өз кезегінде инфрақұрылымдық және спорт салаларына қатысты ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі барлық мәселе назарда екенін, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.