Су тапшылығы – тіршіліктің басты қаупі
Ai-news.kz. Бүгінгі күннің ең өткір экологиялық проблемаларының бірі – шөлейттену мен құрғақшылық. Бұл бұрын тек Африка мен Араб түбегіне тән мәселе саналғанымен, қазір жаһандық сипат алып отыр. БҰҰ дерегінше, жер шарының шамамен 40 пайызы деградацияға ұшыраған. Бұл – 3,2 миллиард адамның өмір сапасына тікелей әсер етеді деген сөз. Жыл сайын әлемде 12 миллион гектар жер шөлге айналып жатыр. Ал бұл минутына 23 гектар жер өнімсіз күйге түседi дегенді білдіреді. 2045 жылға дейін бұл үдеріс 135 миллион адамды өз жерін тастап, көшуге мәжбүрлейтіні болжануда. Мұндай статистиканы оқығанда, апаттың ауқымы мен оның салдары жайлы еріксіз ойға қаласың.
Қазақстан да бұл процестен шет емес. БҰҰ Даму жоспарының есебінше, еліміздің 180 миллион гектар жері – яғни жалпы аумақтың 66 пайыздан астамы – шөлейттенуге ұшыраған немесе деградация шегінде тұр. Егістік жердің 62,5 пайызының құнарлылығы төмен. Ауыл шаруашылығы жерлерінің 75 пайыздан астамы деградацияға ұшыраған. ББҰ-ның азық түлік бойынша зерттеу тобының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 90 миллион гектардай аумақ эрозияға ұшыраған немесе эрозия қаупінде. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдық өмірдің тұрақтылығына, экономикалық жоспарлауға тікелей қауіп деген сөз.
Әсіресе Қызылорда облысы – еліміздің ең экологиялық әлсіз аймақтарының бірі. Арал теңізінің тартылуы, Сырдарияның сарқылуы, тұзданған топырақ пен тозған жайылым – бұл өңірде экология күн тәртібінен түспейтін мәселе. Аймақтағы топырақтың шамамен 85 пайызы тұзданған деген ақпарат бар. Суармалы жерлердің 40-80 пайызы батпақтанып немесе сорланып кеткен. Арал теңізінің құрғаған табанынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін тұзды шаң ауаға көтеріледі. Бұл жай ғана экологиялық дерек емес – бұл әрбір адамның денсаулығына, тіршілігіне тікелей әсер етіп жатқан қауіп.
Осы мәселелерді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы сала мамандары мен мемлекеттік орган өкілдерін, экологтар мен аграрлық сарапшыларды, қоғам белсенділерін дөңгелек үстел алаңына жинады. “Шөлейттену – экологиялық дағдарысқа әкеледі” атты сараптамалық жиын барысында өңірлік жағдайлар, ұлттық стратегиялар және халықаралық тәжірибелер талқыланды. Жиынның мақсаты – жағдайдың қаншалықты күрделі екенін ашық айту ғана емес, нақты шешімдер ұсыну болатын.
Жиынды ашқан ЖСДП ҚОФ төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков бұл сала өте күрделеніп келе жатқанын атап өтті.
- Бүгін біз тек бір саланың немесе бір аймақтың мәселесін талқылап отырған жоқпыз. Бұл – ұлттың келешегіне, азық-түлік қауіпсіздігіне, өмір сапасына тікелей қатысы бар тақырып. Қызылордада шөлейттену деген ұғым – ғылыми термин емес, өмір шындығы. Бұл – тек табиғи құбылыс емес, экологиялық дағдарыс. Шөлейттенудің біздің өңірде тамырын тереңге жібергенін көрсетіп отыр, - деді ол.
Оның айтуынша, бір ғана Қызылорда облысында ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің 85 пайызына дейін тұзданған.
- Біз Аралды жоғалтудамыз. Сонымен бірге жер құнарын, суды, тіпті үмітті де жоғалтып барамыз. Шөлейттену – табиғаттың емес, адамның жасаған қатесі. Бірақ оны түзету де – тек адамның қолынан келеді. Егер біз бүгін нақты әрекет етсек – ертең жеңіске жетеміз. Бүгінгі басқосу – жай талқылау емес, ертеңгі игі өзгерістің бастауы болғай!, – деді өз сөзінде.
Сарапшылар жиынында Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Руслан Оразбекұлы өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, өңірде топырақтың гумус мөлшері төмен. Бұл – жердің құнарсыздығы шегіне жеткенін білдіреді.
- Қазіргі таңда өңірдегі суармалы жерлердің кемінде жартысынан көбі тиімді пайдаланылмайды. Себебі дренаж жүйелері істен шыққан, ал суару әдістері де жаңартуды қажет етеді. Егер осылай жалғаса берсе, тозған жерлерді толық қалпына келтіруге мүмкіндік жоғалуы мүмкін, – деді Р.Оразбекұлы.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы нақты жұмыстарды Қызылорда облысы бойынша «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК филиалы жүзеге асырады.
- Біздің мекеме деректер негізінде жердің сапалық картасын жасап, мемлекеттік органдар мен агроөнеркәсіп субъектілеріне ұсыныс береді. Бірақ бұл процестерге шаруалар да, әкімдіктер де белсенді араласуы керек. Жер – тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ байлығы. Сондықтан жердің құнарын арттыруға барлық деңгейде жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деп түйіндеді.
Дөңгелек үстелге қатысқан “Қазгидромет” РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы Гүлшат Әзілханқызы соңғы жылдардағы климаттық тенденцияларды баяндады. Оның мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары Қызылордада жауын-шашын мөлшері азайған. Бұл көрсеткіш – өңірдің құрғақшылыққа бет алғанының айқын дәлелі.
- Вегетациялық кезеңдер қысқарып жатыр. Орташа температура жоғарылап, жауын мөлшері азайып келеді. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін өте қауіпті үрдіс, – деді спикер.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, жылыжай және инновациялық агроәдістер бойынша сарапшы Ақерке Кеңесбайқызы агротехнология саласындағы кешеуілдеулерді сынға алды. Оның айтуынша, облыста тамшылатып суару секілді үнемді жүйелер мардымсыз қолданылады.
- Біз ескі инерциямен әлі күнге күрішке суды ашық әдіспен жіберіп отырмыз. Бұл – суды ысырап етіп қана қоймай, жерді сорлатады. Тамшылатып суару тек суды үнемдеу ғана емес, топырақ құрылымын сақтайтын маңызды технология, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, бір гектарға енгізілген тамшылатып суару жүйесі суды 40-50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өнімділік те орта есеппен 20-30 пайызға жоғарылайды.
- Климаттың өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің ауыл шаруашылығымыз да соған бейімделуі керек. Бұл үшін фермерлерге қолдау, техника, білім қажет. Әсіресе өңірге арналған нақты агроэкожүйелік шешімдер табу керек секілді, – деді Ақерке Кеңесбайқызы.
Былтыр ғана Қытай елі өздеріндегі ең үлкен Такла-Макан шөлін жасыл желектендіру бойынша 46 жылдық науқанын аяқтаған болатын. Осыған орай көрші мемлекеттің тәжірибесімен бөлісу жайын айтқан төрағаға «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының» бөлім басшысы Айбек Күншығарұлы қытай мамандарының өңірге келген сапарын баяндап берді.
- Қытайдың шөлді аймақтарды жасылдандырудағы тәжірибесі Арал теңізі аймағындағы сексеуіл отырғызу жұмыстарына жанама әсер етті. Осыған орай Қытай ғалымдары біздің егіп жатқан сексеуілдің, құмнан сынамалар алып зерттеулер жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта көгалдандыруға үлес қосуға қызығушылық білдіріп жатса, хабарын береді, - деді.
Нұрбек Дәуренбеков жиын соңында осындай бастамаларға тек сарапшылардың емес, бүкіл қоғамның, әрбір адамның қатысуы маңызды екенін атап өтті.
- Шөлейттену – бір күнде келген проблема емес. Сондықтан оны шешу де – бір күннің ісі болмайды. Бірақ ең бастысы – үнсіз қалмау. Егер біз осы мәселені ашық айтып, шешім іздейтін болсақ, табиғат та бізге үн қататын күн туады, – деді ол.
Қызылорданың шаң басқан даласында айтылған бұл сөздер – құрғақ шөлге тамған үміт тамшысы іспетті. Қайта көгеру үшін, бәлкім, осы тамшының өзі жеткілікті болар. Бірақ ол үшін әрекет қажет. Ал бүгінгі жиын – сол әрекеттің алғашқы қадамы болды.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,
ЖСДП ҚОФ хатшысы