Көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша нақты шаралар белгіленді

241

Ai-news.kz.  Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Жиында Үкімет отырысында қаралған маңызды бағыттар талқыланып, аудан көлемінде жүзеге асырылуы тиіс шаралар пысықталды. Күн тәртібінде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту, көлеңкелі экономиканы төмендету жолдары және облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім мен мекеме басшылары, сондай-ақ салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Әрбір мәселе бойынша нақты талдау жасалып, жауапты тұлғаларға жүктелген міндеттердің орындалу деңгейі тыңдалды.

Бірінші мәселе – міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту бойынша аудандық жұмыстың тиімділігін арттыру. «Отбасы цифрлық картасы» платформасының деректеріне сәйкес, аудан бойынша қазіргі таңда 1433 тұрғын медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспаған. Бұл жалпы халық санының 4,2 пайызын құрайды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев денсаулық сақтау ұйымдары мен ауылдық округ әкімдерінің өзара іс-қимылын күшейтіп, сақтандырылмаған азаматтардың тізімін нақтылау және оларды жүйеге тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.

Әкім міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің азаматтардың өмір сапасын жақсартудағы маңызына тоқталып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, әрбір елді мекенде азаматтардың сақтандыру төлемдерін тұрақты түрде аударуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ж.Жұмабаеваға жергілікті қоғамдастықпен бірлесе отырып, әрбір тұрғынның сақтандыру мәртебесін өзектілендіру және медициналық көмек алуда қиындықтардың алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев көлеңкелі экономиканың ел дамуына, соның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тигізетін кері әсерін атап өтіп, салық түсімдерінің азаюы мен заңсыз айналымдардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Ол мемлекеттік кірістер басқармасына және кент, ауылдық округ әкімдеріне кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін кеңінен енгізуді тапсырды.

Берік Сәрменбаев экономикалық ашықтықты қамтамасыз ету – ауданның даму қарқынын арттыру мен инвестициялық ахуалды жақсартудың басты тетігі екенін атап өтті. Осы орайда, жергілікті кәсіпкерлердің заңды негізде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау, тіркелмеген шаруашылық субъектілерін есепке алу және салықтан жалтару фактілерін азайту бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу керектігін міндеттеді.

Мәжіліс барысында қосымша мәселелер де қаралды. Аудан әкімі алдағы егін жинау науқанының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету қажеттігін еске салды. Әрбір ауылдық округ бойынша өнімнің толық көлемде жиналуына, астық сақтайтын қоймалардың дайындығына және тасымалдау барысына жауапкершілік артылды. Сонымен бірге, аудан басшысы жылу беру маусымының басталуына аз уақыт қалғанын атап, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту жүйесіне дайындау бойынша нақты шараларды тездетуді тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі Берік Сәрменбаев барлық жауапты тұлғаларға берілген тапсырмалардың орындалу барысын жеке бақылауға алатынын айтты. Ол әрбір басшыдан тек жоспарлы есеп емес, нақты нәтиже күтетінін қадап айтты. Ауданның әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуы күнделікті және жүйелі еңбектің нәтижесінде қамтамасыз етілетінін ерекше атап өтті.

Мәжіліс қорытындысы бойынша әр сала басшыларына нақты мерзімдер мен көрсеткіштер белгіленіп, олардың орындалуы тұрақты түрде бақылауда болатыны жеткізілді. Бұл жиын ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болды.