«Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық дәстүрді насихаттауда

283

Ai-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесінің мүшелерін қабылдап, республикалық «Өнерлі елдің өресі биік» байқауында бас жүлде иеленгендерін құттықтады. Бұл кездесу Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралардың қорытындысы негізінде өткізілді. Жиынға аудандық Ақсақалдар, Аналар және Әйелдер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері қатысты.

Аудан әкімі сөзінде ананың рөлін ерекше атап өтіп, олардың отбасының тірегі ғана емес, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен еңбек атқаратынын атап өтті. «Дүниедегі барлық ізгілік ананың жүрек жылуынан, ақ ниетінен бастау алады. Сіздер отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде зор еңбек етіп келесіздер. Мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, түрлі байқауларда жетістікке жетіп жүрген аналарымызға алғысымды білдіремін. Аудандағы ұлттық идеологиямызды, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жүрген аналар кеңесінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Ауданымыздың мерейін асырған ақжаулықты аналарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да «Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы болып, жемісті еңбек ететініне сенімім мол. Сіздерге және сіздер арқылы барлық белсенді аналарға ел игілігі жолындағы игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді А.Ибраимов.

Аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ сабақтастығын сақтауға, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға айтарлықтай үлес қосып келеді. Кеңес мүшелері 2024 жылы Түркістанда өткен ІІ республикалық «Шуақты шақ – 2024» ән байқауында, 2025 жылы Байқоңыр қаласындағы VІІІ «Халықтар достығы» халықаралық фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, жуырда Алматыда өткен «Өнерлі елдің өресі биік» республикалық байқауында аналарымыз «Хормен ән салу», «Бата беру», «Сән көрсету» номинацияларында жоғары бағаланып, бас жүлдені иеленді. Ал 2026 жылғы 3 мамырда Республика сарайында өтетін гала-концертке арнайы шақырту алды.

Сонымен қатар, Ақсу ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Тоқпанбетова Күлдәш Ордабайқызы 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында, Республика күніне орай ұйымдастырылған «Үздік Еңбеккер – 2025» республикалық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл марапат оның еңбек жолындағы қажырлы еңбегін, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуын және аудандағы әйелдер қауымын қолдаудағы үлесін айқындайды.

Кездесу барысында аудан әкімі өнерлі аналарды марапаттап, қаржылай сертификат табыстады. Сонымен қатар, салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Рысбай Кәрімов, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Нұржанқызы, Ақсу ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Күлдәш Тоқпанбетова және Бұқарбай батыр ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Үрләй Набиқызы сөз сөйлеп, белсенді ақжаулықты аналарды құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Кездесудің мәні – аудандағы әйелдер қауымының ел игілігі жолындағы еңбегін дәріптеу, олардың белсенділігін көтермелеу, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық дәстүрді сақтау бағытындағы жұмыстарын қолдау болды. Аталған шара арқылы аналар қоғамдағы маңызды рөлін көрсетіп, болашақта да ұрпақ тәрбиесіне, мәдени және рухани құндылықтарды сақтауға айтарлықтай үлес қосатынына сенім артылды. Кездесу нәтижесінде «Ұлағатты аналар» кеңесінің мүшелері өз еңбектерін жалғастырып, ауданның әлеуметтік және мәдени дамуына елеулі үлес қосуға бағытталған жаңа жобаларға қатысуға ынталы екендерін білдірді.