Қариялар – ұрпаққа үлгі: Шиеліде құрмет көрсету шарасы өтті

425

Ai-news.kz.  1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков ауданымыздағы ардақты қарияларға арнайы барып, құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті. Бұл мерекелік іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, қоғам белсенділері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Аудан басшысы ең әуелі 80 жастағы ардақты ақсақал Оразымбетов Сұлтанбектің шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Сұлтанбек аға еңбек жолында ауданның партия, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарып, қай кезеңде де іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген. Тәуелсіздік алған жылдары ауыл шаруашылығын қайта құру, жекешелендіру саясатын жүргізу ісінде белсенділік танытып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан. Бүгінде Шиелінің ауыл шаруашылығы, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктерінде Сұлтанбек ақсақалдың қолтаңбасы бар. Аудан әкімі Сұлтанбек ағаның өнегелі өмірі жас буынға үлгі болатынын атап өтті.

Келесі кезекте аудан әкімі 75 жастағы медицина саласының ардагері Нуралиев Қожахметті құттықтады. Қария Қожахмет 40 жыл бойы денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, талай жанға шипа дарытқан, аудан тұрғындарының алғысына бөленген білікті маман. Ол өз қызметінде кәсіби шеберлікті, адалдықты және ізгі ниетті көрсетіп, әріптестері мен пациенттердің ризашылығына бөленген. Аудан басшысы Қожахмет ағаның өмір жолын жас дәрігерлерге үлгі етіп көрсетудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, 95 жастағы Тұрсынкүл Асан апамызға да құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған ананың еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, “Еңбек даңқы” II дәрежелі орденімен және “Ерен еңбегі үшін” күміс медалімен марапатталған. Апаның өмірі – еңбекқорлық пен адалдықтың үлгісі, ол өз ауылына, қоғамға және ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан.

Соңғы болып ғасырға жуық ғұмыр сүрген, 98 жастағы Райхан Серікбаева кейуанамызға сый-құрмет көрсетілді. Райхан ана еңбек жолын №219 мектептен бастап, ұстаздық қызметінде бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, елдің құрметіне бөленген. Аудан әкімі оның өмірлік тәжірибесін, шәкірттеріне көрсеткен қамқорлығын және ұрпаққа қалдырған өнегесін жоғары бағалады.

Аудан басшысы өз сөзінде:
 «Қария – қазына, ақсақал – елдің тірегі. Сіздердің еңбектеріңіз, бүгінгі өсіп-өркендеген ауданымыздың берік іргетасы. Біз әрдайым сіздерге құрмет көрсетіп, өнегелеріңізді жас ұрпаққа үлгі етеміз», – деп атап өтті.

Қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз аудан басшысының игі ықыласына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Мерекелік шара барысында аудандық мәдениет қызметкерлері өнер көрсетіп, ән-жырмен, би мен әсем көріністермен мерекенің сәнін арттырды.

Бұл игі дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының, үлкенге құрмет пен ізеттің айқын көрінісі болып, қоғамдағы өзекті құндылықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қарттарымыздың тәжірибесі мен өмірлік даналығы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, ауданның тұрақты дамуына септігін тигізетін маңызды фактор ретінде қарастырылады.