Қазалы теміржол вокзалы жаңғыртылуда: тарихи нысанда күрделі жөндеу жүріп жатыр

341

Ai-news.kz. Қазалы ауданындағы 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы қайта жаңғыру үстінде. Сәуір айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов жұмыс сапары аясында арнайы танысты.

Құрылыс жұмыстары «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның қаржыландыруымен жүзеге асуда. Жөндеу жұмыстарын «Бақ Береке» ЖШС жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Қазалы теміржол вокзалына соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген болатын. Қазіргі күрделі жөндеу аясында вокзал ғимаратына бірқатар маңызды жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда: ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту; шатырды толық ауыстыру; есік-терезелерді жаңарту; жолаушылар күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтау; мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жағдайлар жасау; бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнату; вокзал аумағын абаттандыру, көгалдандыру және брусчатка төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Нысанды аралау барысында депутат Мархабат Жайымбетов жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасын жіті бақылап, белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын баса айтты.

«Бұл – Қазалы тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл өңір жолаушылары үшін маңызды нысан. Сондықтан барлық жұмыс сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс. Жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басты міндет», – деді халық қалаулысы.

Күрделі жөндеуден кейін тарихи вокзал жаңа кейіпке еніп, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.


Фото: Ернұр Кама