Аудан әкімінің есепті кездесулері Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалғасты

461

Ai-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халық алдындағы есепті кездесулері Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары қатысты. Жиын барысында аудан әкімі облыс көлемінде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады.

А. Ибраимов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар жүзеге асырылып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Жаңғыру мен жаңаруға бағытталған саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер елдің болашағына сенімді арттырып, аймақтардың дамуына нақты серпін беруде. Аудан әкімінің айтуынша, облыс әкімінің қолдауымен ауданымызда жаңа әлеуметтік, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары пайдалануға беріліп, кент пен ауылдарда инфрақұрылым, жол құрылысы, газдандыру бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Аққыр ауылында жалпы құны 489,9 млн теңгеге 5 ішкі көшеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 182,7 млн теңгеге Н.Таспенов және Аққыр көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы қалған үш көшеге (М.Ахметов, Ы.Ақмырзаев, Ш.Есов) күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Үлгілі елді мекен» номинациясы аясында абаттандыру жобаларын жүзеге асыру үшін 15 млн теңге ұсынылып, жалпы құны 16,5 млн теңгеге спорттық жаттығу алаңы салынды. «Қазақстан халқына» қоры арқылы жалпы құны 175 млн теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да жүргізілуде.

Жаңаталап ауылында жалпы құны 128 млн теңгеге П.Қарақұлұлы 1 және П.Қарақұлұлы 2 көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Сонымен қатар, 460 млн теңгеге 100 орындық ауылдық клуб салуға да ЖСҚ дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының әлеуметтік-мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Мақпалкөл ауылында ішкі көшелердің жарықтарын күтіп ұстау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлініп, алдағы уақытта жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар, 145 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу, 677,9 млн теңгеге Нұрылдаев, Сәдір би, Қожахметұлы, Достық, Т.Жүргенов, Шотықов, Тоғанас батыр және Құттыбасов көшелеріне күрделі жөндеу бойынша ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға жолданды.

Мәдениет ауылында төрт көшені жарықтандыру және елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу үшін ЖСҚ дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды. Мырзабай ахун ауылында екі ішкі көшеге күрделі жөндеу жүргізу және 100 орындық ауылдық клуб салу үшін жобалар әзірленіп, тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер жолданды.

Кездесулер барысында аудан әкімі тұрғындармен еркін пікір алмасып, алдағы атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ауыл тұрғындары облыс көлемінде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. А. Ибраимов барлық айтылған мәселелердің назарға алынатынын және олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Бұл есепті кездесулер ауыл тұрғындары мен әкімдік арасындағы сенімді нығайтуға, тұрғындардың қажеттіліктерін нақты орындауға бағытталған маңызды шара болып отыр.