Жамбыл облысы делегациясы Қызылордадағы инфрақұрылымдық жобалармен танысты

262

Ai-news.kz.  Жамбыл облысы Меркі ауданынан келген арнайы делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен табан тіреп, өңірдің даму бағыттарымен жан-жақты танысты. Қала қақпасынан бастап қонақтарды шаһар басшысы Нұржан Ахатов қарсы алып, Сыр елінде атқарылып жатқан әлеуметтік, мәдени және спорттық жобаларға кеңінен шолу жасады.

Сапар ең алдымен «Сыр жұлдыздары» инновациялық-шығармашылық академиясынан бастау алды. Мұнда меймандарға балалар мен жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер таныстырылды. Одан әрі «Президент саябағында» жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары, заманауи «Отбасы орталығы», «Достық үйі» ғимараты және құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Қызылорда Арена» спорт кешені мен «Өнер орталығы» көрсетілді. Делегация мүшелері бұл нысандардың әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, оң пікір білдірді.

Сондай-ақ, орталық алаңды қайта жаңғырту барысында жасалған сәулеттік шешімдер, жарықтандыру жүйелері мен демалыс аймақтары қонақтардың ерекше ықыласын тудырды. Олар «Анаға тағзым» орталығында аялдап, рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған жұмыстарды жоғары бағалады. Бұдан соң жаңарған мәдениет және демалыс паркінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалғаны айтылды.

Делегация мүшелері қаладағы жол-көлік инфрақұрылымымен де танысты. Атап айтқанда, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын кеңейту жұмыстары және 11 мың орындық жаңа стадион құрылысы көрсетілді. Қонақтар спорт инфрақұрылымының заманауи үлгіде салынып жатқанын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, жаңа автовокзал, «Қан орталығы» мен физика-математика бағытындағы лицей-интернаты да назардан тыс қалмады. Бұл нысандардың аймақтың білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосар үлесі зор екені айтылды.

Сапар соңында делегация Сыр өңірінің мәдениетімен және тарихымен жақын танысу мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Мұнда өңірдің өткенінен сыр шертетін құнды жәдігерлер мен экспозициялар ұсынылды. Сонымен қатар, қонақтарға «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», музыкалық колледж ғимараты және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы таныстырылды.

Жұмыс сапары Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында жалғасты. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауылдағы әлеуметтік-экономикалық нысандарды көрсете отырып, жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндап берді. Бұдан соң делегация Нағи Ілиясов ауылына барып, тұрғындардың табысты бастамалары мен ауылдың даму үлгісімен танысты.

Бұл сапар қонақтарға Сыр өңірінің қазіргі даму қарқынын жан-жақты көрсетуімен құнды болды.

көрсете отырып, жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндап берді. Бұдан соң делегация Нағи Ілиясов ауылына барып, тұрғындардың табысты бастамалары мен ауылдың даму үлгісімен танысты.

Бұл сапар қонақтарға Сыр өңірінің қазіргі даму қарқынын жан-жақты көрсетуімен құнды болды.