Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды

302

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіAi-news.kz. Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеті қабатты 84 пәтерлік алты  жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады. Рәсімге Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

 

Аймақ басшысы жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.

 

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Елімізде бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажет. Негізгі қағидат – тұрғындар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру» деген болатын. Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда төрт мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 1500-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 миллиард 100 миллион теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті.

 

Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыз бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды. Өткен  жылдан бері қаламызда жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бүгін өздеріңізбен бірге тағы 500-ден астам  отбасының қуанышын еселеп, баспана бақытына кенелгеніне куә боламыз! Шаңырақтарыңыз жылулық пен мейірімге, балалардың шат күлкісіне толсын!»– деді Нұрлыбек Нәлібаев.

 

Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерінде оң серпін сақталып, облыс республика бойынша алдыңғы қатарға тұрақтады. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 миллиард теңге болса, бүгінде екі есе артып, 750 миллиард теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.

 

Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 38 жоба қолға алынған. Бұл тозған электр желілерін 66 пайыздан 62 пайызға төмендетеді. Елді мекендерді газдандыру бойынша 30 млрд. 500 млн. теңгенің 20 жобасы іске асуда. Жыл соңына дейін өңірді газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетеді. Тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бағытталған бес миллиард 300 миллион теңгенің 13 жобасы бар. Сондай-ақ, 43 миллиард 300 млн. теңгеге 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Осылайша облыс аумағындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан аспақ.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі