Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде
Ai-news.kz. Бүгінде ауданның бас қақпасы саналатын Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тарихи ғимарат жаңаша кейіпке еніп жатыр. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың сыртқы фасадтары, шатыр бөлігі, перрондар мен кіреберіс аумақтары заманауи талаптарға сәйкес жаңартылуда. Бұл жұмыстардың мақсаты – тұрғындар мен қала қонақтарына ыңғайлы жағдай жасау, тарихи нысанның сәулеттік келбетін сақтау және ауданның мәдени-тарихи имиджін нығайту.
Сонымен қатар вокзал жанындағы перон бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың да сыртқы келбеті жаңғыртылып, барлық санитарлық, сәулет және эстетикалық талаптарға сай болуы тиіс. Осыған орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтановқа жұмысшы топпен бірге теміржол вокзалының аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды аралап, ретке келтіруді тапсырған болатын. Бұл тапсырма нысандардың біркелкі әрі талапқа сай келбетін қамтамасыз ету, сондай-ақ аумақтағы қоғамдық тәртіп пен тазалықты бақылауды да қамтиды.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байғабылұлы бастаған жұмысшы топ вокзал аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың иелерімен кездесті. Кездесу барысында ғимараттардың сыртқы келбетін қалыпқа келтіру, нысан аумақтарының тазалығын қамтамасыз ету, қоршаулар мен көшелердің жағдайын жақсарту мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге вокзал аумағы – ауданның келбеті мен имиджін көрсететін маңызды аймақ екенін еске салып, туған жердің ортақ абыройы үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырылды.
Аудан әкімінің орынбасары жұмысшы топқа кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін қалыпқа келтіру, тазалық талаптарын сақтау, қоршаулар мен жол бойындағы инфрақұрылым элементтерін жөндеуді үнемі бақылауда ұстау керектігін нақты тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілсе, вокзал маңындағы қоғамдық кеңістік тартымды әрі қауіпсіз болады, тұрғындар мен қонақтар үшін ыңғайлы орта қалыптасады.
Мұрат Әбсұлтанов кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында вокзал жанындағы тарихи ғимараттың су қыспақты мұнарасында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көріп, олардың сапасы мен мерзімін қадағалау қажеттігін атап өтті. Жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы нәтижесінде вокзал аумағы заманауи стандарттарға сай абаттандырылып, ауданның тарихи және мәдени келбетін одан әрі айшықтайды.
Аудандық басқарма басшылары мен кәсіпкерлердің бірлескен еңбегі арқасында вокзал маңы таза, тартымды, қауіпсіз және көрікті болып, ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан үлесі айқын көрінеді. Осындай жүйелі жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауданның қоғамдық имиджін қалыптастыруға және аймақтық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.





