«Дала күні – 2025»: диқандар еңбек мерекесін бастады

298

Ai-news.kz.  «ДАЛА КҮНІ – 2025»: ҚАЗАЛЫДА ЕГІНГЕ АЛҒАШҚЫ ОРАҚ ТҮСТІ

Қазалы даласында күзгі жиын-терім науқаны басталды. Бүгін қазалылық диқандар қоңыр күздің алғашқы күндерінде егінге орақ түсірді. Ала жаздай маңдай терін төгіп, күннің ыстығына, судың тапшылығына қарамай еңбек еткен шаруалардың маусымдық еңбегі өз нәтижесін беруде. Егінге алғашқы болып Ақтан батыр ауылындағы «Береке» шаруа қожалығының диқандары кірісті. Олардың ендігі мақсаты – қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, елдің ырысына айналған ақ маржанды ысырапсыз жинап алу. Бұл жауапты іске адам күшімен қатар заманауи техникалар да сақадай сай дайындалған.

Егін орағының басталуына орай «Береке» шаруа қожалығының егіс алқабында салтанатты рәсім өтті. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев, ауданның зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық жетекшілері арнайы қатысып, диқандарды толағай табысымен құттықтады.

Сөз алған Жалғас Оңғарұлы егінге орақ түсу – еңбек адамдарының бір жыл бойғы маңдай терінің жемісін жинайтын, халықтың несібесі артатын, ауылдың абыройы асқақтайтын кезең екенін атап өтті. Ол өз сөзінде биыл аудан көлемінде 17 мың 445 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілгенін, соның ішінде күріштің көлемі 5636 гектарды құрағанын айтты. Су тапшылығы диқандарды біраз әбігерге салғанымен, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың арқасында қиындықтың біраз бөлігі еңсерілгенін жеткізді. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет резервінен бөлінген қаржыға жылжымалы дизельді насостар жеткізіліп, шаруалардың игілігіне берілді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы мамандары бірнеше ай бойы алқаптарда үздіксіз жұмыс істеп, шаруалардың еңбегіне қолдау көрсетті. Осындай бірлескен күш-жігердің нәтижесінде егіс көлемін барынша сақтап қалу мүмкін болды.

Аудан басшысы өз сөзінде ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегіне ризашылығын білдіріп, алдағы науқанның сәтті аяқталуына тілектестік білдірді. Ол: «Қамбаңыз дәнге толсын, қырмандарыңыз әрқашан тасып тұрсын. Елдің берекесі – диханның еңбегінде» деп атап өтті.

Салтанатты жиында ауданның ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбек майталмандары марапатталып, алғыс хаттарға ие болды. Жиын соңында сала ардагері, «Жалаңтөс» ЖШС директоры Қасқырбай Әлімбай ақ батасын беріп, еңбек науқанына сәттілік тіледі. Одан кейін орақ науқанының лентасы қиылып, комбайндар алқапқа түсіп, алғашқы егінді жинауға кірісті.

Дала төсінде өткен рәсім аудандық деңгейдегі «Дала күні» мәжілісіне жалғасты. Мәжілісте аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов биылғы егін жинауға дайындық барысы жайлы баяндама жасады. Сонымен бірге егінді сумен қамтамасыз ету мәселелері, су ақысының төлемдері және каналдарға жасалатын жөндеу жұмыстары туралы «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің өкілі Жанбай Садық сөз сөйледі.

Жиынды қорытындылаған Жалғас Оңғарұлы еңбек адамдарының төккен терінің арқасында аудан экономикасына серпін беріліп отырғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар егілген егінді уақытылы және ысырапсыз жинау – басты міндет екенін еске салды. Осыған байланысты ауыл әкімдері мен шаруашылық жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ аудандық полиция бөліміне егістікке түсіп, бағусыз жүрген мал иелеріне тиісті шара көру жүктелді.

Қазалылық диқандардың еңбек маусымы осылайша салтанатты түрде басталып, қырманға алғашқы астық түсті. Бұл – аудан үшін маңызды кезең, халықтың несібесін еселейтін, еңбек пен берекенің жемісін татқызатын жауапты шақ.