Ақжарма ауқымды жоба жүзеге асуда

190

Ai-news.kz. Биылғы жылдың тамыз айында Ақжарма ауылдық округіне газ желісін тарту жұмыстары басталған еді. 

 

Құны 1 миллиард 260 миллион теңге болатын ауқымды жоба жоспарға сәйкес 10 ай мерзімде аяқталуы тиіс болатын. Дегенмен, мердігер мекеме «СМП – Қызылорда» ЖШС жыл соңына дейін ауылды көгілдір отынға қосуға бар күшті жұмылдырамыз деп отыр.

 

 Аталған ауылдық округке арнайы барып, жұмыс барысын пысықтаған қала әкімі Нұржан Ахатов: «Облыс әкімінің қолдауымен елдімекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқын алды. Биыл Ақжарма ауылдық округімен қатар Сабалақ саяжайына газ желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Ендігі кезекте мердігер компаниялар ауқымды жобаны сапалы аяқтауы қажет, – деді.

 

Ауылдарды көгілдір отынмен қамтудың тиімділігі орасан. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға, ең бастысы, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әл-ахуалын жақсарту, елді дамыту бағытанда түрлі бастамалар көтеріп келеді. Әсіресе, алыс ауылдар мен елді мекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамту мәселесін үнемі өзінің назарында ұстауда. Бұл мәселе биылғы қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтылды.

 

Бұл ретте ол:

 

«Баршаға белгілі «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн» деді.