Қызылордада жаңа ЖЭО құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды

854

Ai-news.kz.  Жаңа жылу-электр орталығының қондырғылары толық жеткізілді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қорқыт ата скверін жаңғырту және жаңа жылу-электр орталығының құрылыс барысын қадағалады.

Скверді «Астана сервис Ltd» ЖШС жыл соңына дейін пайдалануға бермек. Жоба аясында 157 орындық, 100 қоқыс жәшігі, 85 жарық бағанасы орнатылып, 9 500 шаршы метр аумаққа брусчатка төселуде. Сондай-ақ балалар ойын алаңы, субұрқақ және серуен аймағы салынып жатыр. Абаттандыру жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан жоба оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын жоюға бағытталған. Жалпы құны 215 млрд теңге болатын орталыққа түркиялық «Aksa Energy» компаниясы 147 млрд теңгеден астам инвестиция салды.

Қуаттылығы 180 мегаваттық екі газ турбинасы, 95 мегаваттық бу турбинасы, сондай-ақ екі бу және төрт жылу қазандығы шетелден жеткізілді. Қазір негізгі қондырғылар толық орнатылып, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Сонымен бірге жергілікті өндірушілердің материалдары да пайдаланылуда.

Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге орталыққа дейінгі 45 шақырым газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Құрылыс алаңында 1200-ден астам жұмысшы мен 130 арнайы техника жұмыс істеуде, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Станцияны төртінші тоқсанда іске қосу жоспарланған. Алғашқы кезеңде бір газ турбинасы мен екі жылу қазандығы жұмыс істей бастайды. 2026 жылы қалған қондырғылар қосылып, жаңа станция облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз ететін болады.