Кәсіпкерлікті дамыту – қуатты экономиканың негізі

259

Ai-news.kz. Достық үйінде «Кәсіпкерлікті дамыту – қуатты экономиканың негізі» тақырыбы бойынша семинар өтуде. Кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға берері мол семинардың бірінші кезеңінде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрме таныстырылды. 


Семинарды арнайы ашып берген қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес субъектілерін құру және оның экономикадағы үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар кәсіп иелерін қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.


«Экономиканың барлық саласында жұмыс жасайтын шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Биыл облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 1409 жобасы барлық қаржы көздерінен 30 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 33 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылған адамдар саны 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 миллиард теңгеге өнім өндірілді», - деді Пакуатдин Сражадинұлы.


Ойталқыны «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша филиалының жоба менеджері Ербол Маралұлы бастап, бизнесті ойлау психологиясының негіздеріне тоқталып өтті. Келесі спикер «The One System» компаниясының негізін қалаушысы Аслан Жұмабаев бизнесті жүйелеу әдістері туралы тақырыпты қозғаса, «NP-Consulting» ЖШС директоры Ғалым Прекешев кіші өндіріс кәсіпорындарын дамыту жолдарын жан-жақты түсіндірді. Азаматтардың қаржылай сауаттылығы төңірегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған   Мәмен, ал «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер туралы ҚР АШМ Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің бас сарапшысы Сұңғат Серікбайұлы сөз етті. Іс-шараға қаладағы кәсіпкерлер, ерікті жастар қатысуда.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 2024 жылғы 1 қаңтардан кәсіпкерлікті жүйелі қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілуі тиіс екенін айтты.  

«Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет», – дейді Тоқаев. 

 

Сондай-ақ, президент мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беретінін айтты. 

 

“Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», – дейді. 

 

Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуы тиіс.

 

“Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеп, қабылдады.

 

Кәсіпкерлікті дамыту саласында мемлекет жүргізіп отырған саясаттың қазіргі күн тәртібі мен мықты, бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру қажеттігін ескере отырып, жаңа бағдарлама аясында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы (шамамен 50%) кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады.

 

Сондай-ақ бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. ШОБ жобаларын субсидиялаудың сараланған әдісі қарастырылған, бұл кезең-кезеңімен нарықтық жағдайларға көшіруді көздейді. Субсидиялауға жататын жекелеген қызмет салалары оңтайландырылды.

 

Несиелер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді, атап айтқанда, кепілдіктер сомалары ұлғайтылды, бизнес субъектілеріне 1 млрд теңгеден асатын несие сомаларына нарықтық шарттар бойынша кепілдік алу мүмкіндігі берілді.

 

Бұған қоса, бағдарламада мемлекеттік қолдаудың баламалы құралы ретінде синдикатталған несиелеу қарастырылған, ол бір мезгілде бірнеше банк арқылы 15 миллиард теңгеге дейін ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.

 

Сондай-ақ облигациялық қарыздар беру шарттары едәуір кеңейтілді. Мәселен, эмитент-кәсіпкер облигация шығару кезінде купондық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия алып, 5 жыл мерзімге дейін 6% мөлшерлемемен 5 миллиард теңгеге дейін қаржыландыруды тарта алады.

 

Биылғы 6 айда жаңартылған бағдарлама аясында субсидиялар мен кепілдіктер түріндегі қолдау шараларымен Қазақстанда шамамен 14 мың бизнес жобасы қамтылды: субсидиялау бойынша – 566 миллиард теңгеге 8 624 жоба, кепілдік беру бойынша – 178,9 миллиард теңгеге 5 381 жоба.

 

Жақын арада өндірістің технологиялық күрделілігіне қарай мемлекеттік қолдаудың сараланған тетіктерін енгізу жоспарлануда. Жоғары технологиялық дайын өнім шығаратын кәсіпкерлер үшін қолдау шаралары ұзақ мерзімге арзандатылған несие беруді қамтитын болады.

 

Аталған тетіктер бизнесті мақсатты әрі тиімді қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, тұрақты экономикалық өсімге және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.




Copyright © 2023. «Ай-News.kz» - ақпарат агенттігі. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.
Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.