«Сахнада өткен ғұмыр» фестивалі сатирик шығармашылығын ұлықтады
Ai-news.kz. Бүгін Қазалы ауданында өзінің өткір сөзімен, астарлы әзілмен, шымшыма шындыққа толы туындыларымен елдің ықыласына бөленіп, күлкі мен ой тудырған сатирик, қаламы ұшқыр дарын иесі — Әбдрасул Ахметовтың 70 жылдығына орай әзіл-сықақ драма үйірмелерінің аудандық фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде «Сахнада өткен ғұмыр» тақырыбымен өтті. Шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, фестивальге қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі және сатириктің аудан мәдениетінің дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Аудан басшысы сөзінде сатираның қоғамдағы орнын атап, бұл өнердің жеңіл көрінгенімен жауапкершілігі зор екенін жеткізді. Ол Әбдрасул Ахметовтің қаламы ұшқыр, шығармашылығы терең, қоғамдағы мәселелерді ашық және шынайы көрсетуімен ерекшеленетінін атап өтті. Аудан әкімі сатириктің жастарға өнеге, өнердегі дарынды тұлғаларға жол көрсететінін, мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі зор екенін айтты. Әбдрасул Ахметовтің өмір жолы мен шығармашылық тәжірибесі жас қаламгерлер мен өнерпаздар үшін үлгі, өшпес өнеге болып қала бермек.
Фестиваль барысында сахна төрінде Әбдрасул Ахметовпен бірге қызмет жасап, замандас болған ел ағалары Нажмадин Шамұратов, Жанатқа Бекжанов, Ешхан Сақтаған мен Есекеев Құдайберген сөз алып, сатирик жайында естеліктерімен бөлісті. Олар Әбдрасул Ахметовтің шығармашылық жолын, әзіл мен сатира арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қалай көрсеткенін, оның қаламының ел ішінде ой тудырғанын атап өтті. Сонымен қатар сахна саңлағының шығармашылығының жастарға, мәдениет саласындағы әріптестеріне үлгі болатыны, оның туындылары арқылы ұлттық мәдениет пен руханияттың дамуына қосқан үлесі туралы ойлар айтылды.
Фестиваль қорытындысы бойынша арнайы номинациялар беріліп, жеңімпаздар марапатталды. «Көрермен көзайымы» номинациясын аудандық оқушылар Үйінің «Өнегелі орда» драма ұжымы жеңіп алды. «Өнерлі ұжым» номинациясы Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйінің «Шабыт» драма ұжымына табысталды. «Ойлы әзіл» номинациясы Жалаңтөс батыр ауылдық клубының драма ұжымына берілді. «Сатира саңлақтары» номинациясы Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауының үлесіне тиген болса, «Үйлесімді сатира» номинациясы Әйтеке би кенттік
Мәдениет үйінің «Кент шоу» драма ұжымына берілді. «Күлдіріп отырып жылатқан» номинациясы Қ.Пірімов ауылдық клубының драма ұжымына табысталды.
Сондай-ақ сахна саңлағы Әбдрасул Ахметовтың достары «Үздік әзіл-сықақ» арнайы номинациясын Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы «Қазалы қалжыңы» ұжымына табыс етті. Фестиваль барысында қатысушылар сатириктің өмірі мен шығармашылығының мәнін, әзіл мен сатира арқылы қоғамды танудың, ой тудырудың маңызын атап өтті. Шара соңында аудан әкімі барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, сатириктің өмір жолын насихаттау, жас өнерпаздар мен қаламгерлерге үлгі көрсету бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.





