Ақтан батырдың ерлігі ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді

250

Ai-news.kz. Қазалы ауданында халық батыры Ақтан Ақайұлының 255 жылдық мерейтойына арналған тарихи-танымдық конференция өтті.

Биыл ел тарихында өшпес із қалдырған, қазақ халқының тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында күрескен атақты қолбасшы, Кіші жүздің даңқты батырларының бірі Ақтан Ақайұлының туғанына 255 жыл толып отыр. Батырдың ерлігі – тек бір өңірдің ғана емес, күллі қазақ халқының мақтанышы. Ол 19 ғасырда Жанқожа Нұрмұхамедұлымен бірге елдің басын біріктіріп, Хиуа мен Қоқан хандықтарының шапқыншылығына қарсы қол бастап, ұлтының бостандығы үшін жанын аямаған қайсар тұлға ретінде тарихта сақталды.

Осыған байланысты Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылында бірқатар мәдени-көпшілік және рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, мерейтой кең көлемде аталып өтуде. Батырдың есімі мен ерлік жолын дәріптеуді мақсат еткен шаралар ауылдық клуб ғимаратында өткен «Ақ бұлтты Ақтан батыр» атты ғылыми-танымдық конференциядан бастау алды.

Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов ашып, жиналған қауымды тарихи мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Ақтан батырдың Сыр өңірі тарихындағы айрықша рөлін атап өтіп, ұлт үшін басын бәйгеге тіккен батырдың есімі бүгінгі ұрпақ үшін әрқашан үлгі болып қала беретінін айтты. Жиынды ҚР мәдениет саласының үздігі, тарихшы-зерттеуші Болат Жолтаев жүргізіп отырды.

Басқосу барысында белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар ғылыми баяндамаларын оқып, тың ойларымен бөлісті. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік Қуанышбаев «Ақтан батыр заманы және ұрпақтар үйлесімі» тақырыбында баяндама жасап, батыр өмір сүрген кезеңнің тарихи маңызына тоқталды. Халықаралық журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Бақытжан Абдуллаұлы тарихи жыр-дастандардағы Ақтан батыр бейнесін ашып көрсетті. Ал ҚР журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Төлепберген Тілеуқабылұлы өз сөзінде «Ақтан мен Дабыл» тақырыбын көтеріп, ел тарихындағы екі батырдың ерлік істерін салыстыра баяндады.

Сонымен қатар конференция барысында өнерпаздар мен батыр ұрпақтары да сахнаға шығып, ел тарихынан сыр шерткен сәттер болды. Белгілі жыршы Кеңес Болатбекұлы «Ақтан батыр» дастанынан үзінді орындап, тыңдармандарды өткен күннің рухына бөледі. Батыр ұрпақтарының атынан сөз алған Толағай Дүнкиев те бабасының ел үшін жасаған ерліктерін еске алып, оның ұрпаққа қалдырған өнегелі мұрасының маңызын атап өтті.

Жиын соңында Ақтан батыр ауылындағы №190 мектеп директорының орынбасары Нұрлан Көпжасарұлы конференция қорытындысын таныстырып, батыр есімін болашақ ұрпаққа насихаттау бағытындағы алдағы жұмыстарға тоқталды. Ол мектептерде арнайы тәрбие сағаттарын өткізу, ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ ауыл жастары арасында патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Осылайша, тарихи-танымдық конференция елдің рухани өмірінде маңызды оқиғаға айналып, Ақтан батырдың есімі тағы да жаңғыра түсті