Ізгілік іздері көрмесі
Ai-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші-мүсінші, Мәдениет саласының үздігі, С.Нұрмағанбетов атындағы төсбелгісінің иегері, Мұратбай Ембергенұлының 80 жылдығына арналған «Ізгілік іздері» атты еске алу шығармашылық көрмесі ашылды.
Көрмеге Мұратбай Ембергенұлының, қос ұлы Асқар, Бейбіт Үмбетовтер және Қуанышбай Ембергеновтың туындылары қойылды.
Қуанышбай Ембергенұлының пейзаждық туындыларындағы авторлық идея бар тіршілік болмыстың тұтас үйлесімдігі мен табиғаттың қарапайым және күй талғамайтын ішкі әдемілігін көре білгенімен маңызды. Шығармаларында композициялық құрылым мен нәзік түстердің шешімі бірқалыпты тұнық және пайымды үйлесім тапқан.
Асқар Мұратбайұлы үшін ағаштан және теріден өңделіп, көркем бейнелейтін дәстүрлі бағыт маңызды. Шығармашылық құлашы кең, әр қырлы: музыкалық аспаптар, тұрмыс-тіршілік бұйымдары, ыдыс-аяқ, жиһаз түрлері. Шебер ұстаның ою мен баспалап оюды әр түрлі тәсілде жасауда, тұрмыс-тіршілікте бұрыннан қолданылған этнографиялық түрлерін қайта жаңғыртуда кәсіби деңгейі шыңдалған.
Бейбіт Мұратбайұлы өзінің қысқа өмірінде Сыр өңірінің бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосты. Оның шығармалары шын мәнісінде көз алдымыздан адам мен табиғаттың сансыз түрлі бейнелерін өткізетін өнерге деген ерекше құштарлық сезіммен астарланған. Қазіргі адамның санасы, оның өнерді қабылдау ерекшеліктері суретшінің шығармашылық ізденістерінің өзегін құрады.
Көрмеге барлығы 100-ден аса туынды қойылып, зиялы қауым өкілдері, өнер иелері, туыстары, ЖОО студенттері қатысты.