«Ұстаз – ұлт шамшырағы»: Сыр өңірінде Мұғалімдер күні аталып өтті

499

Ai-news.kz.  Өнер орталығында Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – ұлт шамшырағы» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, сала ардагерлері, жоғары оқу орындары мен мекеме басшылары қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білім мен жаңа технологияны игерген елдің ұпайы түгел болады» деген сөзін мысалға келтіріп, білім саласын қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін атап өтті.

Нұрлыбек Машбекұлының айтуынша, биыл облыс бюджеті 850 млрд теңгеден асып, 2022 жылмен салыстырғанда 233 пайызға артқан. Оның 346 млрд 800 млн теңгесі білім саласына бағытталып, бұл жалпы бюджет көлемінің 40 пайызын құрайды. Соңғы үш жылда сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында 812 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Аймақ басшысы ұстаздарға ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастыра отырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу – үлкен абырой екенін атап өтті. Шара барысында бірқатар ұстаздар мен сала қызметкерлері «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталары және шипажайларға жолдамалармен марапатталды.

Соңғы жылдары өңірдің білім инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып келеді. 317 пәндік кабинет жаңартылып, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 2,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 8 ауыл мектебі заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған интернаттардың материалдық базасы жаңартылды. 50 ауыл мектебінде «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесі енгізіліп, педагогтар біліктілігін арттыру курстарынан өтуде.

Бұл шара – ұстаз еңбегінің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, олардың ұлт болашағын қалыптастырудағы рөлін айқындаған маңызды мерекелік оқиға болды.