Батыр бабаға арналған жыр додасында Абай ауылының ақыны бас жүлде алды
Ai-news.kz. Аймақтық ақындар мүшәйрасы өтті
Халқымыздың азаттығы мен елдігі жолында ерлік көрсетіп, елін қорғаған батыр – Ақтан Ақайұлының 255 жылдық мерейтойы аясында рухани мазмұны бай, тағылымы терең «Ақ күн туды басыма» атты аймақтық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Бұл шара халықтың ұлттық рухын көтеріп, жас буынға өнеге боларлық маңызды оқиғаға айналды.
Әдеби доданы республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы, қазақ эстрадасында бірнеше танымал әндердің авторы әрі жас ақын Ақжол Түменбай жүргізіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Мүшәйраға төрелік етіп, әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында №190 мектеп директорының орынбасары Нұрлан Көпжасарұлы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Махамбет Жеткербай болды.
Жыр додасына Қармақшы, Сырдария аудандарынан және Қазалы өңіріне қарасты ауылдардан келген 11 ақын қатысып, батыр бабаға арнаған жүрекжарды өлеңдерін тебірене оқыды. Әрбір ақынның жыры арқылы батырдың ерлік бейнесі айқындалып, ұлттың рухани мұрасына деген құрмет байқалды.
Қорытындысында:
- Бас жүлде – Абай ауылынан келген дарынды ақын Әлихан Махашов иеленді.
- І орын – Лахалы ауылынан қатысқан жас талант Нұрасыл Әділбековаға бұйырды.
- ІІ орын – Ғани Мұратбаев ауылынан Нәзия Ермекқызы жеңіп алды.
- ІІІ орын – Қармақшы ауданынан келген Мөлдір Тәңірбергенова мен Арал өңірінің ақыны Айгүл Кузенова бөлісті.
Шара барысында өнер көрсеткен жас ақындарға қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Мүшәйра көрермендерге поэзияның шынайы қуатын сездіріп, Ақтан батырдың рухына арналған жырлар арқылы елдік пен бірліктің маңызын тағы да айқындады.





