Шиелі ауданының құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетовке құрмет көрсетілді

597

Ai-news.kz. Қызылорда облысында елге еңбегі сіңген ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрі жалғасын табуда. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданының Құрметті азаматы, қоғам және еңбек ардагері Сұлтанбек Қойшыбайұлы Оразымбетовті 80 жас мерейтойымен құттықтады. Салтанатты басқосуға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен басқарма басшылары қатысты. Бұл кездесудің басты мақсаты – ел дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның еңбегін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету және аға буынның өмір жолынан тағылым алу болды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы мерейтой иесіне өзінің ізгі тілегін білдіріп, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету – елдің рухани мәдениетінің айғағы екенін атап өтті. «Дана халқымыз «Қадірлей білгенге құт қонады, құрметтей білгенге бақ тұрақтайды» деп бекер айтпаған. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына аянбай қызмет еткен аға буын өкілдеріне құрмет көрсету – біздің бұлжымас дәстүріміз. Бүгінгі ресми жиын адал еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі өмір жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі болған ардақты ағамыз Сұлтанбек Қойшыбайұлының құрметіне арналды. Сыр жұртшылығы Сіздің еңбегіңізді, елге жасаған қызметіңізді жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Парасат пен тәжірибеге толы ғұмырыңыздағы қажырлы еңбегіңіз жастар үшін өнеге болары сөзсіз», – деді облыс әкімі өз құттықтауында.

Сұлтанбек Оразымбетов өзінің еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастаған. Ол Қызылту елді мекенінде еңбек етіп, кейін комсомол ұйымының хатшысы, өндіріс бригадирі, Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы және Гигант колхозының партия комитеті хатшысы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары сынды жауапты лауазымдарда жұмыс істеді. 1994 жылдан 2012 жылға дейін Шиелі аудандық мәслихатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымдарының хатшысы болып, ел дамуына, ауданның әлеуметтік-саяси өміріне зор үлес қосты. Оның бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудан көлемінде көптеген игі жобалар жүзеге асқан.

Жиын барысында облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетті. Бұл марапат Сұлтанбек Қойшыбайұлының елге сіңірген еңбегінің, абыройлы өмір жолының және халық арасындағы беделінің айғағы болды. Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, сондай-ақ ел ағасы Қалдыбай Сүгірбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнады.

Олар өз сөздерінде Сұлтанбек Оразымбетовтің еңбек жолын жастарға үлгі етіп, оның кісілік келбеті мен елге жасаған қызметін жоғары бағалады. Әріптестері мен замандастары оны адамгершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті мол, елдің игілігі үшін тер төккен азамат ретінде сипаттады. Мерейтой иесінің өмір жолы – елге адал қызмет етудің, еңбекті қадірлеудің және парасатты ұстанымның көрінісі ретінде бағаланды.

Бұл салтанатты кездесу өңірде аға буын өкілдеріне деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының және рухани бірліктің айқын белгісі болды. Жиын соңында аймақ басшысы Сұлтанбек Қойшыбайұлына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына амандық тіледі. «Сіздің өмір жолыңыз – кейінгі ұрпаққа өнеге. Елге еткен еңбегіңіз мәңгі жадымызда», – деді ол өз сөзінде.