Ұлылықтың кемеңгері – ұлы ұстаздар
Ai-news.kz. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде бүгін қызылордалық мұғалімдерді ұлықтау салтанаты жоғары деңгейде өтті. Бұл шара «Ұстаз – ұлт шамшырағы» мерекесі аясында ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, білім саласының ардагерлері, жоғары оқу орындарының өкілдері, мектеп директорлары және ұстаздар қауымы қатысты. Шара барысында ұстаздардың кәсіби шеберлігі, қоғамдағы орны және жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жан-жақты атап өтілді.
Қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, олардың ел болашағын қалыптастырудағы маңызды миссиясына тоқталды. Ол ұстаздық мамандық тек кәсіп емес, сонымен қатар ұрпақ тәрбиелеудегі жоғары абыройлы міндет екенін айтты. «Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, Сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады», – деп атап өтті Ділмұхамед Абизов Мемлекет басшысының тамыз конференциясында айтқан сөздеріне сілтеме жасап.
Шара барысында өңірдегі білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жобалар да жан-жақты баяндалды. Қаламызда бес «Келешек мектебі» пайдалануға берілген, ал физика-математика бағытындағы мектеп алғашқы оқушыларын қабылдаған. «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер алаңын ұсынса, «Оқушылар сарайы» озаттар орталығы ретінде өз қызметін жалғастыруда. Сонымен қатар, спортқа бейім балаларға арналған «Үстел теннисі» орталығы ашылған және «Қызылорда Арена» дене шынықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Барлық бастамалар жас ұрпақтың білімін, дене тәрбиесін және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Ұстаздардың қажырлы еңбегі нәтижесінде оқушылар халықаралық, республикалық және аймақтық байқауларға қатысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеуде Сыр өңірінің оқушылары грант саны бойынша алдыңғы қатарға шықты. Бұл ұстаздардың білім беру саласындағы табандылығының айқын дәлелі.
Мерекелік шара барысында ұстаздарға түрлі марапаттар табыс етілді. Ардагер-ұстаздарға Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Құрмет» грамоталары берілсе, үздік 10 педагог 150 мың теңге сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің, қала әкімінің және облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамоталары мен «Алғыс» хаттары табыс етілді.
Шара барысында оқушылар ән-жырдан, биден шашу шашып, ұстаздар қауымына арналған мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздыкі» деген сөзі ұстаздарға деген құрметтің ешқашан жоғалмайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл іс-шара ұстаздардың кәсіби жетістіктерін дәріптеп қана қоймай, жастарды рухани және патриоттық тәрбиелеуге бағытталғанын көрсетті. Мұғалімдердің еңбегі мен жаңашылдыққа бейімділігі оқушылардың сапалы білім алуы мен дарындыларын ашуға мүмкіндік беретінін айқын көрсетті. Сонымен қатар, бұл мерекелік іс-шара ұстаздардың қоғамдағы беделін арттыруға, олардың шығармашылық потенциалын кеңейтуге және өңірдегі білім беру саласының дамуындағы жаңалықтарды дәріптеуге зор үлес қосты.





