Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиеті мен мемлекет қайраткерінің қолтаңбасы

379

Ai-news.kz. Биыл тарихи шешім қабылданып, ұлтымызға этникалық «Қазақ» атауының қайтарылғанына және Қызылорда қаласының астана мәртебесін алғанына 100 жыл толып отыр. Осы атаулы жылда ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен тұлғалар қайта жаңғырып, елдің рухани жадында сақталатын сәттер есте қалды. Солардың бірі – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, көрнекті ақын және жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге арналған толғаныс.

Сәкен Сейфуллин 1920–1925 жылдары Қазақ (қырғыз) АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болған тарихи тұлға. Оның Қызылордада тұрғаны, осында қызмет атқарғаны белгілі. Өкінішке орай, қазіргі таңда Сәкеннің тұрған үйі сақталмаған, бірақ тарихи орнына құрмет ретінде ескерткіш тақта орнатылған. Бұл ескерткіш тек орынның белгісі ғана емес, тарихи тұлғаның ұрпаққа қалдырған өшпес ізін дәріптеудің айқын белгісі болып отыр.

Астана кезеңінде қала орталығы шағын, Николай патшаның ғимараттары болмаса, аса үлкен үйлер жоқтың-қасы еді. «Ескі базар» маңайы елдің басты шоғырланған аймағы саналып, Краснов көшесі сол кездегі маңызды көшелердің бірі болып есептелетін. Бүгінгі таңда «Аль-асад» дүкені тұрған жерде бір кездері дүрілдеген баспахана орналасқан. Сол кезеңде Сәкен Сейфуллиннің «Экспресс», «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар» атты өлеңдер жинақтары осында басылып шыққан. Жалпы, осы төңіректе қазақтың игі жақсылары жиі бас қосып, қоғамдық және мәдени өмірдің маңызды мәселелерін талқылаған.

Ғылым докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің пікірі бойынша: «Сәкеннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген ұсынысы, кеңсе құжаттары мен істерін қазақ тілінде жүргізуге жасаған үндеуі, оқу-ағарту саласына барынша көңіл бөлуге шақырған мәселесі – қайраткердің өшпей қалған қолтаңбасы болып табылады». Шын мәнінде, бұл ойлар бүгінгі күнде де өзектілігін жойған жоқ, себебі ұрпаққа тарихи сананы, елдік ұстанымды, тіл мен мәдениетке деген құрметті сіңіру – уақыт талабына сай маңызды міндет.

Арада жүз жыл өтсе де тарих тозбайды, өнеге өшпейді. Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлік еңбегі, қазақ халқының білім, мәдениет және мемлекеттік істеріндегі үлесі ұрпақ үшін өлшеусіз үлгі болып қала береді. Ол ұрпақты тек әдебиетпен ғана емес, азаматтық тұтастық пен патриоттық сезіммен тәрбиелеуге шақырған. Оның қолтаңбасы – елдің тарихында, мәдени өмірінде және рухани санада мәңгі сақталатын маңызды белгі.

Сондай-ақ, қазіргі кезде жастарға тарихи сабақ беру, Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында әртүрлі ғылыми-танымдық іс-шаралар, конференциялар, көрмелер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар тарихи тұлғаның өмірлік ұстанымы мен ой-пікірін бүгінгі заманға жеткізудің тиімді жолы болып отыр. Сондықтан әрбір ұрпақ осы өнегелі тарих арқылы азаматтық санасын шыңдап, елдің бірлігі мен мәдени құндылықтарын дәріптеуге ұмтылуы қажет.

Сәкен Сейфуллиннің қалдырған мұрасы – бұл тек әдебиет пен мәдениет емес, қоғамның рухани тірегі, мемлекет қалыптастырудағы қайраткерлік үлгісі. Сол себепті, торқалы той жылында жасалып отырған барлық шаралар – тарихи есімдерді жаңғыртып, ұрпақты өнегеге тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастамалар қатарында.