Қазалыда «Сыр сүлейі – Қарасақал Ерімбет» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті
Ai-news.kz. Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық Мәдениет үйінде қазақ жыраулық өнерінің көрнекті өкілі, Сыр сүлейлерінің саңлағы, шайыр – Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толу мерейтойына орай «Сыр сүлейі – Қарасақал Ерімбет» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияға зиялы қауым өкілдері, профессор-ғалымдар, аудандардан келген делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары және аудан тұрғындары қатысты. Шара барысында қатысушыларға тарихи тұлғаның өмірі, шығармашылығы, жыраулық дәстүрдегі орны мен ұлттық әдебиеттегі рөлі жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Конференцияны аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ашып, қазақ жыраулық өнерінің көрнекті өкілі Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының өмірі мен шығармашылығы, ұлттық поэзиядағы орны, елдік пен руханиятқа қосқан үлесі жөнінде сөз сөйледі. Аудан басшысы тарихи тұлғаның мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-танымдық шараның маңыздылығын атап, мұндай іс-шаралар жастарға ұлттық мәдениетті насихаттау мен рухани тәрбиенің тиімді құралы екенін жеткізді.
Конференция барысында «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қырғыз мемлекеттік университетінің докторанты Берік Жүсіпов «Қарасақал Ерімбет: ауызекі айту дәстүрінің шайырлық поэзияға ұласу үдерісі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Парасат» орденінің иегері Ұлжан Жанбершиева «Ерімбет Көлдейбекұлының толғау-термелеріндегі ғибраттық ойлар» тақырыбында ой қозғады. Филология ғылымдарының кандидаты Гүлзира Оралова «Қарасақал Ерімбет айтыстарының поэтикалық ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасаса, PhD дәрежесіндегі филология докторы Күнімжан Құдайберген «Қарасақал Ерімбет мысалдарындағы рухани құндылықтар» тақырыптарында сөз сөйледі.
Баяндамашылардан кейін конференцияға қатысқан Ерімбеттанушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Қараша Қараман және ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Даража Балапан тарихи тұлғаның есімін жаңғырту, мол мұрасын насихаттау мақсатында жасалып жатқан іс-шараларға сәттілік тіледі.
Конференцияны қорытындылаған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысушыларға ризашылығын білдіріп, спикерлердің мазмұнды баяндамаларын, тарихи тұлғаның шығармаларына қатысты ой-пікірлерін атап өтті.
Аудан басшысы конференция барысында алдағы уақытта атқарылатын нақты жоспарларды таныстырып, жыл сайын Қазалыда Ерімбет оқуларын өткізу, Қарасақал Ерімбет 180 жылдық мерейтойына дейін Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев саябағындағы ескерткіштің маңайын абаттандыру, аудандық кітапханалар жүйесінде Қарасақал Ерімбет бөлмесін ашу, Сүлейлер мектебі негізінде білім беру ұйымдарында конференциялар, семинарлар, әртүрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ Роза Бағланова атындағы Мәдениет орталығында жас айтыскерлер үйірмесін ашу сияқты жұмыстардың жүзеге асырылатынын жеткізді. Конференция нәтижесінде тарихи тұлғаның шығармашылығы мен рухани мұрасы насихатталып, ұрпаққа ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстардың алғышарттары жасалды.





