«Желсіз түнде жарық ай» — Абайға арналған мерекелік тарту
Ai-news.kz. Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ерекше рухани іс-шара өтті. Іс-шара барысында мектеп ұстаздары мен оқушылары ұлт мақтанышының мәңгілік мұрасына тағзым етіп, «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен орындады.
Аталған мерекелік шараның басты мақсаты – Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның адамгершілік, білім мен өнерге ұмтылу жөніндегі өсиеттерін жас ұрпақтың санасына сіңіру. Мектеп ұжымы мен оқушылардың қатысуымен өткен бұл көрініс үлкен тебіреніс пен рухани әсерге толы болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды шаралар өскелең буынның әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашады. Хормен шырқалған Абай әні арқылы қатысушылар ақынның ұлт руханиятындағы айрықша орнын тағы бір мәрте сезінді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бұл өнерлі тарту – тек мерейтойлық еске алу ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани байлығын ұлықтаудың жарқын үлгісі болды.





