Қызылордада ақын Ибрагим Исаевты еске алуға арналған мәдени шара өтті
Ai-news.kz. Бүгін қала іргесіндегі Жақыпбек Маханбетов ауылында қазақ поэзиясының біртуар шебері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ибрагим Исаевты еске алуға арналған «Есімің сенің мәңгілік» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Шараға жергілікті тұрғындар, шығармашылық қауым өкілдері, зиялы қауым мен ақынның достары қатысты. Бұл кеш ақынның шығармашылығына құрмет көрсетіп, оның артында қалған мол мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттау мақсатында өткізілді.
Ұлтымыздың рухани кеңістігінде өзіндік үнімен, терең ойлы туындыларымен өшпес із қалдырған Ибрагим Исаев – өмірі мен өлеңін халқына арнаған ақын. Оның жырларынан туған жерге, елге деген махаббат, адалдық пен азаматтықтың нышаны көрінеді. Ол тек ақын ғана емес, ұлт руханиятына үлес қосқан ірі тұлға ретінде тарихта қалды. Еске алу шарасы Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, ақын өмірінен сыр шертетін бейнероликпен басталды.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов сөз сөйлеп, шаһардың ғасырлық мерейтойымен қатар келген бұл мәдени-рухани кештің мәні мен маңызына тоқталып, Алаштан ат оздырған ардақты ақынның өшпес мұрасы ел жадында жаңғыра беретінін атап өтті. Сонымен қатар, кеште өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ауылдың бірқатар азаматтарына арнайы алғыс хаттар табысталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, қоғам қайраткері, еңбек ардагері, ақынның досы Ибрагим Әбибуллаев ақынның азаматтық болмысы мен шығармашылық әлеуетін тілге тиек етті. Олар Исаевтың өлеңдеріндегі ұлттық болмыс, адамгершілік қасиет пен туған жерге деген махаббатты атап, оның шығармашылық мұрасы қазіргі және болашақ ұрпақ үшін үлгі болатынын жеткізді.
Алаштың анасы атанған Сырдың жағасында, бірлігі жарасқан, берекелі тіршіліктің мекені Ақсуат ауылдық округінде өткен бұл шарада төл өнерімізді ту еткен ақын Ибрагим Исаевтың өміршең туындылары қазақ өнерінің дара дарындары Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Сәкен Қалымов, Рүстембек Нұржігіттер арқылы жаңғырып, ауыл жұртшылығына мәдени-рухани азық сыйлады.
Сонымен қатар, шара аясында түрлі көрмелер мен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, қатысушыларға қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу мүмкіндігі берілді. Бұл іс-шара жергілікті халықты бірлікке, ұлттық мұраға құрмет көрсетуге шақырып, өңірдің мәдени өмірін байытты. Ақынның есімі мен шығармашылығы осы кеш арқылы жастарға үлгі болып, болашақ ұрпаққа рухани сабақ болары сөзсіз.





