Әдебиет пен сазға толы түн: Шиеліде Сәбит Мұқановты еске алды
Ai-news.kz. Шиелі ауданында көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің алыбы Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойына арналған тағылымды әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өтті. Бұл мазмұнды іс-шара Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбековтың тікелей қолдауымен ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен салтанатты түрде өткізілді.
«Әдебиет пен сазға толы түн: Шиеліде Сәбит Мұқановты еске алды» атты бұл рухани кеш — өнер мен әдебиеттің үйлесім тапқан, ұлттық мұраға деген құрметті тереңнен сезіндіретін әсерлі мәдени шара болды. Кеш барысында Сәбит Мұқановтың бай әдеби мұрасы мен қоғамдық қызметі кеңінен дәріптеліп, көрерменге рухани азық сыйлады.
Кеш «Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет және шығармашылық орталығында» өтті. Шараның басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің рухани дүниетанымын кеңейту, олардың өнер мен әдебиетке деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы шығармашылық әлеуетін дамыту болды.
Кештің шымылдығын ашқан аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлшат Рысқалиқызы шараны жүргізіп, кештің идеялық мазмұнын көрермен қауымға әсерлі жеткізе білді. Әдеби-сазды кеш барысында мемлекеттік қызметшілерден құралған шығармашылық топ Сәбит Мұқановтың көркем шығармаларынан үзінділер оқып, әдебиетіміздің алтын қорына енген туындыларын нақышына келтіре сахналап, көрерменге рухани әсер сыйлады. Ән мен жыр, әдеби қойылым мен поэзия әдемі үйлесім тауып, кештің көркемдік деңгейін айқындай түсті.
Іс-шара аясында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар Сәбит Мұқановтың әдеби мұрасы, қоғамдық-саяси қызметі мен ұлт руханиятындағы орны туралы терең ой-пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Шиелі ауданы әкімінің аппараты» КММ-нің персоналды басқару бөлімінің басшысы Құттықыз Артыққызы, жазушы, Ақпарат саласының үздігі Елтай Назымханұлы, Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Әбілқасымқызы, ардагер ұстаз, ақын Айжамал Әбдіхамитқызы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлдана Көпболсынқызы, ұстаздар Бақытжамал Серқұлқызы мен Коммуна Исмаиловна әдебиет сүйер қауымды тебіренткен әсерлі ойларымен бөлісіп, Сәбит Мұқановтың шығармашылығына терең тоқталды.
Бұл кеш — тек қана мәдени шара емес, сонымен қатар рухани серпіліс, өнер мен әдебиеттің үнқатысқан, ұлттық сананы оятуға бағытталған тәрбиелік мәні зор мазмұнды басқосу болды. Қатысушылар кештен ерекше әсер алып, рухани ләззатқа бөленді.
«Сөз – халықтың қымбаттан қымбат кені» атты әдеби-сазды кеш — өнер мен руханияттың тоғысқан тұғыры, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жас буынға үлгі болатын маңызды мәдени платформа ретінде есте қалды.