Қызылордада Халықаралық жастар күніне орай мерекелік кеш өтті

367

Ai-news.kz. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қызылордада ерекше форматтағы мерекелік шара ұйымдастырылды. “Достық үйі” ғимаратының алдында өткен «Жастармен бірге!» атты open air жастар кеші қала жастарының басын қосып, үлкен мерекеге айналды.

 

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жастарды мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.

“Жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы – халқы десек, соның ішінде жастар елдің дамуы үшін жауапты жетекші күш болып табылады”, – деді ол өз сөзінде.

 

Кештің мәдени бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып, жастарға ерекше серпін сыйлады. Сахнада Жарасхан Төлебай, DJ Jako, Axallek, Есқара сынды жас өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шараның жүргізушілері Әліби Басаров пен Нұрлан Сипанов интерактивті ойындар ұйымдастырып, жастармен тығыз байланыс орнатты.

 

Кештің басты хедлайнері – “6ELLUCCI” тобы жарқын шоу ұсынып, мерекелік қуанышты еселей түсті. Ал финалында DJ Jako-ның сүйемелдеуімен өткен би кеші мерекеге қатысушыларды ерекше әсерге бөледі.

 

Айта кету керек, мерекелік концерттің басты ерекшелігі – өнер көрсеткен өнерпаздардың барлығы жергілікті жастар және тұтас елге танымал болып үлгерген жас таланттар болды.

 

Бұл кеш жастардың бірлігін, шығармашылық әлеуетін және қоғамдағы белсенділігін тағы бір мәрте айшықтап берді.