Шиелі ауданында «Ауыл күндері» жобасы жалғасуда
Ai-news.kz. Шиелі ауданында «Ауыл күндері» атты байқау аясында еңбек пен өнер тоғысқан мерекелік шаралар жалғасуда.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай ұйымдастырылып отыр.
Жобаның басты мақсаты – ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, сондай-ақ ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайту.
Байқау аясында:
• ауылдарды абаттандыру жұмыстары,
• мәдени-танымдық іс-шаралар,
• ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп,
• жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталуда.
Әр жұма сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл жоба ауыл азаматтарының белсенділігін арттырып, өнер мен еңбекті қатар ұлықтауға тың серпін беруде.
Кезекті шарада Жуантөбе және Бестам ауылдық округтерінің өнер ұжымдары М.Шоқай атындағы орталық алаңда концерттік бағдарлама ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген және патриоттық рухқа толы көріністер көрермен жүрегінен орын алды.
Байқауға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарына ізгі тілегін жеткізді. Ол игі бастаманың ауыл өміріне жаңа серпін беріп, бірлік пен еңбекті дәріптейтінін атап өтті.
«Ауыл күндері» – ауылдың әлеуетін арттырып, еңбек пен өнерді ұштастырған берекелі бастама.





