Тіл – ұлттың жаны: мерекелік кеште ән мен жырдан шашу шашылды

404

Ai-news.kz.  Қазалы ауданында тіл мерекесіне арналған мазмұнды іс-шара өтті. 2017 жылдан бастап елімізде Қазақстан халқы тілдері күні ретінде аталып келе жатқан 5 қыркүйек күніне орай, биылғы мерекелік жиын да тағылымы мол әрі көпшіліктің көңілінен шыққан шара болды. Бұл күннің Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленуі бекер емес. Ол – ұлттың ұлы ұстазы, қазақ тілінің жанашыры ғана емес, тіл тағдыры үшін күрескен дара тұлға. Сондықтан мерекенің мәні де, маңызы да ерекше екені даусыз.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Ана тілім – айбарым» атты мерекелік шара әуелі аудан өнерпаздарының қазақ тілінің қадір-қасиеті мен байлығын айшықтайтын сахналық қойылымымен басталды. Сахналық көрініс арқылы тілдің адам өміріндегі, ұлт болашағындағы рөлі айқын көрсетілді. Бұдан соң сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеуімбетов жиналғандарды құттықтап, ана тілдің ұлттың жаны, тарихтың айнасы екендігін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде қазақ тілін дамыту жолындағы мемлекет саясатына тоқталып, ел ішіндегі татулық пен бірліктің басты тірегі де тіл екенін айтты.

Сондай-ақ ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 153 жыл толып отырғанына назар аударып, ғалымның тілге қатысты айтқан тағылымды ойларын келтірді. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген аталы сөздің мәңгілік маңызға ие екенін баса айтты. Бұл ой бүгінгі ұрпаққа үлкен аманат әрі жауапкершілік жүктейтініне тоқталды.

Мерекелік кеш барысында тіл жанашырларының еңбегі ескеріліп, олардың бірқатарына аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев пен облыстық қоғамдық даму басқармасы тарапынан «Алғыс хаттар» мен «Абай аманаты» төсбелгілері табыс етілді. Сонымен қатар аудандық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшелері, мәдениет пен тілдерді дамыту саласына үлес қосып жүрген азаматтар да марапатталды. Мұндай құрметтің барлығы тілге деген сүйіспеншілікті арттырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей түсері сөзсіз.

Жиында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрайымы Нұрбибі Әшір сөз сөйлеп, мерекеге арналған ізгі тілегін жеткізді. Ол тілдің өркендеуі – елдің болашағымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Кештің сәнін «Балапан» балабақшасының бүлдіршіндері орындаған «Ана тілі» әні аша түсті. Балалардың шынайы әрі әсерлі орындауындағы ән көрермендердің жүрегіне жетіп, қошеметке бөленді. Сонымен бірге аудан өнерпаздары да тілге қатысты мазмұнды әндерден шашу шашып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл мерекелік шара Қазалы жұртшылығы үшін тек концерттік бағдарлама ғана емес, тілдің қоғамдағы орны мен маңызын тағы бір мәрте сезіндіретін тағылымды оқиға болды. Ана тіліне деген құрметті арттыруға, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор екендігі айқын байқалды.