Ауыл ажары – ел айнасы: Қарашеңгел өркендеу жолында
Ai-news.kz. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – ауыл әлеуетін арттыру. Бірнеше жыл бұрын қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты жою, олардың даму қарқынын теңестіру күн тәртібінде тұрған еді. Бүгінде бұл бағытта бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, нәтижесін беріп келеді. Солардың қатарында еңсесін тіктеп, тіршілігі жанданған ауыл – Қарашеңгел.
Аудан орталығынан еш кем емес, тіршілігі қайнап жатқан бұл ауылдың келбеті келісті, болашағы баянды.
Ерлік пен еңбек біте қайнасқан өңір
Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс батыр ауылына кіреберістегі батыр дулығасы мен қазақтың киесі – шаңырақ бейнеленген төлқұжат ауылдың терең тарихынан сыр шертеді. Орталық Азияға ортақ тұлға, баһадүр қолбасшы Жалаңтөс бабаның атымен аталатын бұл ауыл – бірнеше ұрпақтың мекеніне айналған киелі жер.
Ауыл тарихы – ерлік пен еңбекке толы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жергілікті тұрғындар Отан қорғау қорына қомақты үлес қосқан. Қашақбай Пірімов, Бермахан Мәшенбаев, Сухан Олжанов, Петр Пак сынды тұлғалар халықтың ұйытқысына айналып, ерлікпен еңбек етті.
1948 жылы Социалистік Еңбек Ері Петр Пактың звеносы 5 гектар күріш алқабынан гектарына 80,5 центнер өнім алып, рекорд орнатқан. Бұл дәстүр бүгінге дейін үзілмей, заманауи бағытта жалғасын табуда.
Агробизнес – ауыл тірегі
Бүгінде «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтың іргелі агроқұрылымдарының біріне айналды. Серіктестік 2024 жылы 490 гектарға күріш, 600 гектарға жоңышқа мен мақсары еккен. Сонымен қатар 800 гектар алқаптан табиғи шөп жинап, мал азығымен ауылды және көршілес елді мекендерді қамтамасыз етіп отыр.
Егіншілікпен қатар округте 1294 бас ірі қара, 2507 бас уақ мал, 1472 жылқы, 101 түйе және 200 құс өсірілуде. Жергілікті тұрғындар көкөніс және бау-бақша өнімдерін де өздері өндіріп отыр.
Білім мен тәрбиенің ордасы
Ауыл – білім мен тәрбие ошағына да айналып отыр. 2010 жылы пайдалануға берілген 250 орындық Қ.Пірімов атындағы №103 мектеп пен 2016 жылы ашылған 90 орындық «Сәуле» балабақшасы балалардың сапалы білім алуына жол ашты. Үйірмелер, музей кабинеті, спорттық алаңдар – олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауда.
Әлеуметтік инфрақұрылым – ауыл келбеті
«Жалаңтөс» дәрігерлік амбулаториясы, кітапхана, мешіт, жаңа мәдениет үйі мен ветеринариялық пункт – ауыл халқының күнделікті өміріне қызмет етіп келеді. Телефон мен интернет желісі тартылған, түнгі жарық шамдар орнатылған, орталық алаң абаттандырылып, көше жолдары жөнделген.
2024 жылы ауылдың амбулаториясы мен клуб ғимараттары көгілдір отынға қосылып, тұрғындар табиғи газдың игілігін көруде. Бұл – елді мекендегі өмір сапасын жаңа деңгейге көтерген жаңалықтардың бірі.
«Ауыл аманаты» – нақты нәтиже
Мемлекет тарапынан қабылданған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ауыл кәсіпкерлеріне тың серпін берді. Бағдарлама аясында 8 адам несие алып, бірқатар кәсіп бастаған. 2 наубайхана, кондитерлік цех, дизайн орталығы, тойхана, ауыл шаруашылық кооперативтері құрылып, 11 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. 2024 жылы 4 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант иегері атанды.
Жоспарлы жұмыс – жүйелі нәтиже
2025 жылы Шитүбек елді мекеніне 208 миллион теңгеге сервистік ауыз су жүйесі тартылып, шілде айында аяқталмақ. Ауылда тағы екі көше асфальтталады.
Жастар келешегін ауылмен байланыстырады
Қарашеңгел округіне қарасты 6 елді мекенде 347 отбасы, 1561 тұрғын бар. Жұмыссыздар саны аз, жастар тұрақтап, болашаққа сеніммен қарап отыр. Олар егін және мал шаруашылығынан бөлек, кондитерлік өнім өндіру, оқыту орталығы мен құрылыс қызметін де ұсынып, ауыл тіршілігін әр тараптан дамытуда.
2025 жылдың 18 мамырында өткен ауыл әкімінің сайлауында тұрғындар белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Бұл – ел ертеңіне деген сенімнің, ауыл болашағына бей-жай қарамайтын халықтың белгісі.
https://qazaly.kz/





