"Қызылордада қаңғыбас иттер – балалар мен тұрғындарға қауіп төндіріп тұр"
Ai-news.kz. Соңғы айларда Қызылорда қаласының көшелерінде қаңғыбас иттердің күрт көбеюі тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Балаларға шабуыл, дене жарақаттары, тіпті инфекциялық аурулардың таралу қаупі күннен-күнге артып келеді. Жергілікті билік пен ветеринариялық қызмет бұл мәселеге жауапты болғанымен, жағдай бақылаудан шығып бара жатқандай. Қоғамда "адамның өмірі маңызды ма, әлде жануардың құқығы ма?" деген өткір сұрақ туындағаны жасырын емес.
Тұрғындардың айтуынша, әсіресе Сәулет, Астана, Арай, Тасбөгет, Ақмешіт, Ақмаржан ықшам аудандарында, тіпті қала орталықтарында қаңғыбас иттер топпен жүреді және адамдарға жиі шабуылдайды. Қала тұрғыны Райхан Әлиеваның айтуынша, «немересі есік алдында ойнап жүргенінде итке таланып, ауруханаға түсті. Иттер балаларды көрсе, тікелей шабуылдайды», - дейді.![]()
Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдан бастап Қызылорда облысында иттерден зардап шеккендер саны 795 адамды құраған. Оның 90%-ы қаңғыбас жануарлардан зардап шеккен. Бұл көрсеткіш тек ресми тіркелген фактілерді қамтиды, ал ескерілмеген, жасырын қалған жағдайлар бұдан да көп болуы әбден мүмкін.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметінше, соңғы жарты жылдықта иттер арқылы таралатын ауруларға шалдыққандар жоқ екен. Десе де дәрігерлер бұл жануарлардың жұқпалы тері және ішек ауруларының тасымалдаушысы екенін айтып, дабыл қағуда.
2021 жылы қабылданған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заң қаңғыбас иттерді атуға, өлтіруге тыйым салады. Енді оларды тек аулап, арнайы панажайларға апарып, стерилизация жасап, қайта босату қажет. Алайда Қызылордада мұндай панажайлар жоқ. Қалада иттерді уақытша ұстау орталығы салынбаған, ал оның құрылысына қажетті қаражат – 625 миллион теңге – әлі толық бөлінбегені ме?
Жергілікті әкімдік өкілдері "бұл мәселе бір күнде шешілмейді" деп жауап беріп отыр. Алайда тұрғындар күн сайын қорқынышпен өмір сүріп жатқанда, бұл баяу әрекет – төтенше жағдайға тең.
Әлеуметтік желілерде жүздеген тұрғын өз наразылығын білдіріп жатыр. Бірі: «Баламыз енді мектепке қалай барады? Әр күні ит қуаламай ма деп алаңдаймыз», – десе, енді бірі: «Адам өмірінен жануар құқығын жоғары қойған заң кімге керек?» – деп жазады.
Қоғамда бұл мәселе екіге жарылған: бірі иттерді қорғау керек десе, екіншілері адам қауіпсіздігі бәрінен биік екенін алға тартуда.
Жуырда Тасбөгет кентіндегі Махамбетов көшесінде ойын баласын ит талап ауруханаға жүгінгені белгілі болды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қалыпты, үйге қайтарылған. Ал баланың туысқандары қаңғыбас иттерден көз ашпайтын болдық деп наразылық танытуда. ![]()
Сонымен қатар қала орталығындағы саябақтардың бірінде иесімен жүрген төрт аяқты жас балаға шабуылдағаны жайында да әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Десе де құзырлы органдар мен жергілікті билік иттермен күресудің жолын таппағандай.
Ал жауапты сала ретінде Облыстық ветеринария басқармасының баспасөзінен ешбір ақпарат алуға мүмкіндік болмады. Жауаптылықтан қашты ма әлде иттерге арналған ұстау орталығын сұрайды деді ме, телефон тұтқасына жауап беруден бас тартқаны тағы бар.
Қызылордадағы қаңғыбас иттер мәселесі – жай ғана жергілікті проблема емес. Бұл – бүкіл елімізге ортақ, адам өмірі мен заң ара салмағын анық көрсететін айна іспетті. Мемлекет жануарларды қорғаумен қатар, адам қауіпсіздігін де басты орынға қоюы қажет. Панажайлар салу, халықты ақпараттандыру, заңнаманы қайта қарау – бұл мәселеден шығудың жолы. Әйтпесе, әрбір үнсіздік – жаңа бір қайғылы оқиғаның бастауы болуы мүмкін.





