Шиеліде дәстүрлі діннің құндылықтары насихатталды
Ai-news.kz. Шиелі ауданында діни-ағартушылық бағыттағы маңызды кездесулер өтті.
Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің 2025 жылға арналған «Облыс тұрғындары арасында дін қызметкерлерінің қатысуымен діни-ағартушылық жұмыстарын жүргізу» әлеуметтік жобасы аясында аудан көлемінде бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жиындар “Асыл Мұра-Орда” қоғамдық қорының бастамасымен 2025 жылғы 3-4 қыркүйек күндері өткізілді.
Кездесулерге Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, білікті дінтанушы Нұралы Бақытұлы арнайы қатысып, дәстүрлі діннің құндылықтары, қоғамдағы бірлік, рухани тәрбие және жастардың болашағы туралы маңызды ойларын ортаға салды.
Аудан бойынша бірнеше мекемелер мен ұйымдарда жүздесулер өтті:
• аудандық жастар ресурстық орталығында – пробация есебіндегі азаматтармен;
• Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде – студенттермен;
• орталық мешіт пен Хазіреті «Мұхаммед (с.а.у.)» мешітінде – жамағатпен;
• аудандық полиция бөлімінде – тәртіп сақшыларымен;
• “Руханият” орталығында – спорт жаттықтырушылары мен мәдениет саласы өкілдерімен.
Сондай-ақ аудандық орталық мешітте дін қызметкерлеріне арналған арнайы семинар өтіп, имамдар мен мешіт қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды пікірталас ұйымдастырылды.
Әрбір кездесуде жастарды теріс ағымдардан сақтандыру, діни радикализмнің алдын алу, құқықбұзушылықпен күрес, діни тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің ел бірлігіндегі рөлі кеңінен түсіндірілді.
Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы жиналғандар алдында сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани тәрбие мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызына тоқталды.
Бұл игі бастама Шиелі ауданындағы діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты нығайтуға зор үлес қосуда.





