«Бас тоған» су жинау құрылымының жұмыс барысымен танысты
Ai-news.kz. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды және қоғамдық кеңес мүшелерінің басты назарында. Осы мәселе тамыз айында өткізілген кеңес отырысында кеңінен талқыланып, бас тоған құрылымының жұмысымен танысу жоспарланған болатын. Нәтижесінде 2024 жылдың 20-қараша күні «Бас тоған» су жинау құрылымының жұмыс барысымен танысты.
Аралауға, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Қызылорда қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Қызылорда «Су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты.
Қазіргі таңда бас су жинау кешенінің жалпы қуаттылығы 56,5 мың текше метрді құрайды. Бас су жинау кешенінің құрылысы 1968 жылы салынып пайдалануға берілген. Сол уақытта бірінші және екінші су көтеру насос станциялары мен 10000 текше метрлік 1 резервуар мен 2000 текше метрлік 2 таза су резервуарлары болған. Су сүзгілеу станциясының қуаттылығы тәулігіне 22,5 мың текше метрді құраған.
Күнделікті 56 ұңғымадан тәулігіне 41,2 мың текше метр ауыз су өндіріліп тұтынушыға таратылып отыр. Жылда қыс мезгілінде тәулігіне 58 ұңғымадан 40-42 мың текше метрде таратылса, жаз мезгілінде 95-100 мың текше метрге дейін берілді. Бас тоған су алу құрылымын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдымен қазіргі таңда консервацияда тұрған күрделі жөндеуді қажет ететін ІІ-ші су көтеру насос станциясымен танысып, бірқатар мәселелер талқыланды.
Талқылау барысында қала тұрғындарының ауыз суды тұтынуы бойынша қарыз қаражаттарын жинауды бір жүйеге келтіру, жаз мезгіліндегі су тапшылығы, сол жағалаудағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді ауыз сумен қамту, қала аумағындағы ауыз су ұңғымаларының электр қуатына мекеменің қарызы жөнінде тағы басқа мәселелер көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға Қызылорда «Су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны басшылығы тиісті жауаптар берді.