Сыр өңірінде заманауи музей

365
Ai-news.kz. Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау мақсатында Қызылорда қаласының сол жағалауында облыстық тарихи-өлкетану музейі үшін арнайы жаңа ғимарат салынды. Бұл – музейдің 85 жылдық тарихындағы алғашқы жеке жобаланған және заманауи технологиялармен жабдықталған ғимарат
Музей ғимаратының жалпы аумағы 3366 м², оның ішінде 2000 м² экспозициялық залдарға берілген. Мұнда қор сақтау қоймалары, интерактивті сенсорлық панельдер, 3D модельдер, анимациялар мен голографиялық құрылғылар, LED экрандар сынды заманауи мультимедиялық шешімдер қарастырылған.
Жаңа музейдің ашылуы Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болды.
Бүгінде музей қорында 70 мыңнан астам жәдігер сақтаулы, оның ішінде 25 120-сы – түпнұсқа. Экспозицияларда аймақтың табиғаты, археологиясы, этнографиясы, Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы, Сыр өңірінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуы кеңінен қамтылған.
Музей 11 тақырыптық залдан тұрады. Келушілерге ақпаратпен үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жұмыс істейтін сенсорлық құрылғылар арқылы өз бетімен танысуға мүмкіндік жасалған.
Бұл жаңа музей – Сыр елінің тарихи тамыры мен болашаққа деген сенімінің тоғысқан орны. Мәдени мұраны құрметтеп, жаңа технологиямен үндестірген бұл кеңістік – өңірдің рухани жаңғыруының жарқын көрінісі.