Қазалыдан 10 жас сарбаз күзгі мерзімді әскери қызметке аттанды

794

Ai-news.kz.  Қазалылық азаматтар Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды

Елдің тыныштығын күзетіп, шекарасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. «Ер жігіт елдің тұтқасы, Отанның қорғаны» деген аталы сөздің мәні бүгінгі таңда да айрықша маңызға ие. Әскер қатарында қызмет ету – тек қана міндет емес, сонымен қатар азаматтық борышты орындаудың, елге деген сүйіспеншілікті нақты іспен дәлелдеудің көрінісі.

Осыған орай Қазалы ауданында да жас сарбаздарды мерзімді әскери қызметке шығарып салу дәстүрге айналған. Бүгінгі күні аудан орталығында күзгі шақырылымға ілінген қазалылық азаматтарды шығарып салуға арналған патриоттық шара ұйымдастырылды. Бұл игі шара мәдениет пен руханият ордасына айналған Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі «Даңқ» аллеясында өтті.

Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Дінмұхаммед Бекзадаев, ауған соғысының ардагері, қызыл жұлдыз орденінің иегері Күмісбай Серікбаев, сондай-ақ әскерге аттанушы азаматтардың ата-аналары мен ауданның белсенді жастары қатысты. Олардың барлығы жас сарбаздарды қолдап, ақ батасын беруге жиналды.

Жиын барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов әскер қатарына алынған азаматтарға ақ тілегін жеткізді.
 — Әскер – нағыз мектеп. Мұнда әрбір жас өмірлік тәжірибе жинап, тәртіпке үйренеді. Сіздерге артылған сенім зор. Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен өтеп, аман-есен елге оралып, алған тәжірибелеріңізді болашақ өмірлеріңізде пайдалана білулеріңізге тілектеспін. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жас сарбаздарға үлкен қолдаулар бар. Әскери міндетін адал атқарып келгендерге еліміздің таңдаулы жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдіктер жасалып, арнайы сертификат табысталады. Сондықтан сіздер үшін бұл сапар – болашаққа жолдама, – деді ол.

Жас сарбаздар атынан сөз алған Бағдаулет Көшербай да ел алдында антқа берік болатынын жеткізді. Ол өзіне артылған сенімді ақтап, Қарулы күштердің қатарында абыроймен қызмет етуге дайын екендігін айтып, қатарластарына да үлгі болуға тырысатынын жеткізді. Оның сөзі шараға жиналған ата-аналар мен жастарға ерекше әсер қалдырды.

Айта кету керек, биылғы күзгі шақырылымда Қазалы ауданынан аттанып жатқан 10 жас сарбаз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде әскери борышын өтемек. Бұл – жауапкершілігі жоғары, елдің шекарасын күзетуге арналған қызмет. Әскер қатарына алынған азаматтардың ата-аналары балаларына ыстық лебіздерін білдіріп, ақ жол тіледі.

Мерекелік сипатта өткен бұл патриоттық жиын жас сарбаздарға үлкен жігер беріп, ел алдындағы міндетін сезіне түсуіне ықпал етті. Жиналған көпшілік әскерге аттанған жастарға қошемет көрсетіп, әнұран орындалып, салтанатты түрде шығарып салынды.

Қазалылықтар үшін бұл – әрқашан мәртебелі күн. Өйткені туған елін қорғауға кеткен әрбір азамат – халықтың үмітін арқалаған, елдің намысын жүктеген ұл.