«Таза Қазақстан-Таза аймақ» акциясы жалғасуда

104

Ai-news.kz. Сырдария ауданында «Таза Қазақстан-Таза аймақ» жаппай сенбілігі өтуде.


Тереңөзек кентінің тұрғындары, аудандық мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, сондай-ақ «Жасыл ел» жастар қозғалысының мүшелері "Тағзым" алаңына, орталық саябаққа, Жастар аллеясына тазалық жұмыстарын жүргізді.


"Қалыптасқан дәстүр бойынша біздің еріктілер мұнда тазалау жұмыстарын жиі жүргізеді. Біз көшелер мен арықтарды, жақын маңдағы жеке тұрғын үйлердің аумақтарын қоқыстан тазартамыз", - дейді «Жасыл ел» және «Еріктілер тобы» жастар қозғалыстарының жетекшісі Нұржан Сейтжанов.  


Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі демалыс орындарында орнатылған шағын сәулет құрылыстарын, сондай-ақ көпірлер мен балалар ойын алаңдарын ақтау, сырлау жұмыстары жүргізіп, «Жастар аллеясын» абаттандырылды.


Жергілікті кәсіпкерлер бұл күні жаңартылатын «Тағзым» алаңына жаңа төсеніш төсеп, түрлі-түсті сәулеттік формалар орнатты.


Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы оған 548 299-дан астам облыс тұрғыны қатысты. 21360 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 505 алаң мен саябақтар, 225 тарихи ескерткіштер аумақтары, 791 әлеуметтік нысан, 1130 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 294 су айдындары, 47451 аулалар мен көшелер тазартылды.

 

548 арнайы техника қолданылып, 129 358 ағаш көшеттері отырғызылды.


Айта кету керек, мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы туралы айтты. 


"Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. "Таза Қазақстан" шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.

 

Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет", - деді Мемлекет басшысы.


Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек, - деді Президент.


"Таза Қазақстанның" аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Аймақ басшысы тек шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы".