Аудан әкімі Талайлы Бөріқұлақовты 70 жас мерейтойымен құттықтады

281

Ai-news.kz.  Бүгін Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақовты 70 жас мерейтойымен құттықтады. Бұл мерекелік шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мәслихат өкілдері, әріптестері мен Талайлы Әмитжанұлының достары мен туыстары қатысты.

Аудан басшысы мерейтой иесінің ел дамуына сіңірген елеулі еңбегін ерекше атап өтіп, ризашылығын жеткізді.

«Ғибратты ғұмырында мәнді де мағыналы өмір кешіп, кіндігі байланған еліне адал қызмет етіп, абыройға, сый-құрметке бөленген салиқалы аға буынның арасынан Талайлы Әмитжанұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше. Сындарлы сәттерде ел мүддесі үшін аянбай еңбек еттіңіз. Сіздің парасатқа толы ғұмырыңыздағы өнегелі істеріңіз – ұрпаққа үлгі-өнеге. Аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарған жылдары сайлаушылар аманатын арқалап, аудандық мәслихат мінберінен ең өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді көтердіңіз. Қазалы ауданында халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240, 250 жылдықтары, Ақтан батыр Ақайұлының 245 жылдығы, Бекарыстан би Амандықұлының 250 жылдықтары, Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығы және тағы басқа маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға аянбай ат салыстыңыз. Сізді аудан жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!» – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Сыр елінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Талайлы Әмитжанұлына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы мен аудан әкімінің арнайы құттықтау сәлемі табысталды. Мерейтойлық шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, ел ағасы Өмірзақ Түктібаев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Талайлы Бөріқұлақов 1955 жылы 2 қазанда Қазалы ауданы, Жаңаталап елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1973 жылы Өркендеу совхозында бригада есепшісі болып бастап, 1978 жылға дейін экономист-бухгалтер қызметінде еңбек етті. Осы жылдары қоғамдық негізде совхоз комсомол комитетінің секретары міндетін атқарды.

1978-1992 жылдары Жаңақұрылыс совхозында бас экономист, Майдакөл және Парт съезд совхоздарында бас бухгалтер, Энгельс атындағы совхозда кәсіподақ комитетінің секретары, директордың орынбасары, аудандық қаржы бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарды. 1992-1997 жылдары Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің Қазалы аудандық бөлімінің бастығы болды.

1997-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазалы ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. 2007-2016 жылдары ІV және V шақырылған Қазалы аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. 2016-2018 жылдары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы болды. 2018-2022 жылдары «Сыр маржаны» ЖШС директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарды.

2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазалы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы және қоғамдық негізде «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазалы аудандық филиалының директоры қызметтерін атқарып келеді. Талайлы Әмитжанұлының қоғамдық және мемлекеттік қызметтегі үлесі, адалдығы мен өнегелі істері – аудан тұрғындары үшін жарқын үлгі, жас буынға бағыт-бағдар көрсететін маңызды миссия болып табылады.

Мерейтой иесінің өмірі мен еңбегі аудан жұртшылығы арасында жоғары бағаланып, шара соңында барлық қатысушылар мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдіріп, алдағы уақытта да зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы бақ-береке тілеп тарқасты.